Астанада түрік-қазақ бизнес IT-форумы өтіп жатыр
Ірі халықаралық технопарктер – Bilkent CYBERPARK және Astana Hub ұйымдастырған бизнес IT-форум аясында Түркия мен Қазақстанның 50-ге жуық IT-компаниясы B2B кездесу өткізіп жатыр.
Форум бизнес-қоғамдастық арасындағы іскерлік байланысты дамытуға және екі мемлекет арасындағы сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Іс-шараның ашылу салтанатында ҚР ЦДИАӨМ вице-министрі Асқар Жамбакин Түркия еліміздің ең басым сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
Екі күн бойы, 27 және 28 сәуірде қазақстандық және түрік бизнес-делегацияларына көзбе-көз танысу, коллаборация мен ынтымақтастық перспективаларын талқылау үшін жеке келіссөздер жүргізуге мүмкіндік берілді.
«Біз қазақстандық компаниялармен ынтымақтастықты нығайту үшін B2B кездесулерін ұйымдастырдық. Дәл осындай шара Алматыда да өтті. Біз форумның арқасында жаңа келісімшарттар жасалып, жергілікті компаниялармен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатылады деген үміттеміз», - деді Bilkent CYBERPARK бас директоры Фарук Иналтекин.
Келіссөздер мынадай бизнес-санаттар бойынша жүргізілуде: бағдарламалық қамтамасыз ету, IoT, портал әзірлеу, энергетикалық мониторинг және басқару, автоматтандыру, смарт қала шешімдері, жасанды интеллект, машиналық оқыту, мобильді қосымша, финтех, цифрлық трансформация, өнімділік, смарт үй жүйесі, қорғаныс өнеркәсібі, географиялық ақпараттық шешімдер, IT, электронды құжат айналымы, электронды қолтаңба шешімдері, денсаулық саласы.
«Біз жуырда министр Бағдат Мусин бастаған үлкен делегацияның құрамында Түркияның технологиялық кәсіпкерлік экожүйесінде маңызды орын алатын Bilkent CYBERPARK-те болдық. Бүгінгі форум Digital Bridge халықаралық форумында қол қойылған меморандум аясындағы серіктестігімізді одан әрі дамытудың тағы бір дәлелі. Мен түрік әріптестерімді қарсы алуға және ынтымақтастығымыздың нығайып жатқанына өте қуаныштымын», - деді отандық технопарк экожүйесін таныстыру барысында Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Еске салсақ, 2022 жылдың 28 қыркүйегінде Digital Bridge халықаралық форумының алаңында түркі елдерінің технопарктері – Bilkent Cyberpark (Түркия), Astana Hub (Қазақстан), Sabah Lab (Әзірбайжан), ПВТ (Қырғызстан), Bilisim Vadisi (Түркияя), IT Park Uzbekistan (Өзбекстан) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Аймақтағы АКТ мен инновациялық экожүйені бірлесіп дамытуға бағытталған бұл келісім Түркі мемлекеттері ұйымының сегізінші саммитінде Түркі елдерінің заманауи технопарктер орталығын құруды ұсынған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы аясында жасалған еді.
Анықтама
Bilkent CYBERPARK – бұл Түркиядағы әртүрлі секторда 240 жетекші ғылыми-зерттеу компаниясы, 5 зерттеу орталығы, 1 микронаночип фабрикасы, 4500 астам қызметкері және 115 000 м2 жабық алаңы бар ең үлкен технопарк. Bilkent CYBERPARK ақпараттық-коммуникациялық технологиялар басқа озық технологиялармен ұштасатын және жетекші халықаралық зерттеулер мен әзірлемелер жүргізілетін, елдің ғылыми-техникалық дамуына ықпал ететін хаб болуды мақсат етеді. Толығырақ cyberpark.com
Astana Hub – қазақстандық және шетелдік технологиялық компаниялардың еркін дамуы үшін бүкіл жағдай жасалған Орталық Азиядағы ең ірі технопарктің бірі. Қазіргі уақытта технопаркте мыңнан астам қатысушы бар. Олар 14 мыңнан астам жұмыс орнын ашты. Astana Hub-тың білім беру бағдарламаларында 20 000 астам адам оқыды және 2 000 астам адам инкубациялық және акселерация бағдарламаларынан өтті. Толығырақ astanahub.com
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін