Astana Hub қатысушысы ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды

12 желтоқсанда Астанада ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын тапсыру рәсімі өтті, онда MED365 компаниясы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл оқиға компанияның өнім сапасы мен жоғары технологиялық қызмет көрсету саласындағы елеулі жетістіктерін айқындайды.


Биыл байқауға 221 компания қатысты, ал «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша MED365 финалға шыққан 27 үміткерден асып түсіп, Қазақстан тарихында бұл мәртебелі марапатты алған алғашқы IT-компания атанды.

«IT-стартап алғаш рет «Алтын сапа» Президент сыйлығын алды. Бұл – Қазақстанның IT-қауымдастығы үшін тарихи оқиға. IT-өнімдерінің таныла бастауы индустрияның қарқынды дамығанын көрсетеді, ол саланы ел экономикасының маңызды және негізгі буынына айналдыруға ықпал ететіні анық. Мұндай марапаттар жекелеген компанияларға айрықша мәртебе беріп қана қоймай, тұрақты және заманауи ұлттық экономиканы құруда IT саласының мойындалуына айтарлықтай ықпал етеді», - деп жазды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Telegram-арнасында.

Жеңімпазды анықтаудың негізгі критерийі ретінде ұйымның өнім немесе қызмет сапасы саласындағы елеулі нәтижелерге қол жеткізуі, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудың тиімділігі жоғары әдістерін енгізуі қаралды. MED365 компаниясының өнімі дәл осындай артықшылықтарымен ерекшеленеді. Бұл – медициналық тексерулерді жүргізуге көмектесетін медициналық тексерулердің автоматтандырылған жүйесі (МТАЖ).  

Компанияның негізгі өнімі ретінде таныстырылған медициналық тексерулердің автоматтандырылған жүйесі тонометр, термометр, алкотестер және пупиллометр секілді заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Жүйе кәсіпорындардың қызметкерлерін медициналық тексеруден өткізіп, ақпаратты дәрігердің компьютеріне жібереді. Дәрігер бір минуттың ішінде қызметкерді жұмысқа жіберуге,  не жібермеуге ұсыныс береді. Атап кетер жайт, медициналық тексерулердің автоматтандырылған жүйесі тексерістен өту уақытын қысқартып қана қоймай, кәсіпорындағы жарақат алу және өлім қаупін азайтады.

MED365 компаниясы телемедицина сияқты басқа салаларда да белсенді. Әрбір азаматқа сапалы және қолжетімді медициналық көмек «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында олар ауылдық медициналық пункттерді дәрігердің планшетімен біріктірілген мобильді МТАЖ жүйесімен жабдықтау жөніндегі пилоттық жобасын іске қосты.

Сондай-ақ, MED365 компаниясы алдына кеңею мақсатын қойып, халықаралық нарықтарда, соның ішінде MENA елдері мен АҚШ-та ілгерілеу бойынша алғашқы қадамдарын жасап үлгерді. Стартаптың бұл жетістігі денсаулық сақтау саласындағы инновациялар мен жоғары технологиялық шешімдерді дамытудың маңыздылығын көрсетеді.

 

Пікірлер 3

Кіру пікір қалдыру үшін

👍👍👍

Жауап беру

👍👍👍

Жауап беру

👍👍

Жауап беру