Astana Hub ұйымдастыруымен 2026 жылғы 19 тамызда Астанадағы «alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығында «QAZBOT ROBOTICS FORUM 2026» өтеді.
QAZBOT ROBOTICS FORUM 2026 – гуманоид роботтехникасы мен Embodied AI саласындағы арнайы іс-шара. Форум Қазақстанда роботтехника шешімдерін іс жүзінде енгізу мәселелерін талқылау мақсатында технология индустриясы, бизнес, мемлекеттік құрылым өкілдері мен халықаралық сарапшылардың басын қосады.
Форумды қазақстандық QAZBOT Technologies компаниясы мен Astana Hub ұйымдастырады. Ал іс-шараның басты халықаралық қатысушысы – AgiBot компаниясы. Бұл – физикалық пішіндегі жасанды интеллект (Embodied AI) технологиялары мен жаңа буын роботтехника шешімдерін дамытып отырған, гуманоид роботтар шығаратын әлемдегі көшбасшы өндірушілердің бірі.
Іс-шара аясында QAZBOT Technologies Қазақстандағы Robotics & AI саласын дамытудың негізгі бағыттарын таныстырады. Олардың қатарында роботтехника жүйелерін жергіліктілендіру мен өндіру, бағдарламалық қамтамасыз ету мен AI-модельдерді әзірлеу, R&D, Data Factory жобалары, инженерлік кадрларды даярлау, сондай-ақ роботтехникалық шешімдерді экономиканың түрлі салаларына енгізу бар.
Саланы дамытудың халықаралық перспективасымен AgiBot компаниясының операциялық директоры (COO) Цзян Цинсун (Jiang Qingsong) бөліседі. Сонымен қатар форумның іскерлік бағдарламасы аясында QAZBOT Technologies пен Astana Hub өкілдерінің баяндамалары жоспарланған.
Форумның басты шарасы – роботтехниканы дамыту перспективаларына, жергілікті құзыреттерді қалыптастыруға және жаңа технологияларды іс жүзінде қолдануға арналған «AI & Robotics: болашақ экономикасын қалыптастыру» пленарлық сессиясы.
Іс-шарада бизнес өкілдерімен ынтымақтастық орнатуға ерекше мән беріледі. Форум аясында QAZBOT пен AgiBot компаниялары банк, қаржы, мұнай-газ, өнеркәсіп және экономиканың өзге де салаларындағы Қазақстанның ең ірі компания өкілдерімен жабық B2B-кездесулер өткізеді.
Қатысушылар роботтехника мен жасанды интеллектіні қолданудың нақты сценарийлерін, кәсіпорындардың сұраныстарын және пилоттық жобаларды іске қосу мүмкіндіктерін талқылайды.
Сіздерді атаулы шараға қатысып, гуманоид роботтарды іс үстінде көруге, Robotics & AI саласындағы озық әзірлемелермен танысуға, сондай-ақ AgiBot, QAZBOT Technologies, Astana Hub өкілдері мен сала сарапшыларынан тікелей пікір алуға шақырамыз.