Астанада AI Olymp — жасанды интеллект бойынша бірінші республикалық олимпиада финалы өтті
Astana IT University қабырғасында 9–12 сынып оқушылары арасында жасанды интеллект бойынша алғашқы республикалық олимпиада — AI Olymp финалы өтті. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен алдын ала іріктеуден өткен 40 үздік оқушы қатысты.

Олимпиада Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы мен DSML.KZ — деректерді талдау және машиналық оқыту мамандары қауымдастығының бастамасымен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Бас серіктес ретінде Орталық Азиядағы ең ірі технопарк — Astana Hub қолдау көрсетті. Astana Hub ЖИ технологияларын белсенді түрде ілгерілетіп, Қазақстанда және одан тыс жерлерде технологиялар мен инновацияларды дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда.
AI Olymp — мектеп оқушылары арасында ЖИ технологияларына қызығушылықты дамытуға бағытталған елдегі алғашқы ауқымды іс-шара. Бұл олимпиада мемлекеттік құрылымдар мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы стратегиялық әріптестіктің нәтижесі ретінде өткізілді.
«AI Olymp — жасанды интеллект саласындағы қазақстандық таланттардың жаңа буынын қалыптастыруға жасалған үлкен қадам. Бүгін біз оқушылардың ЖИ-ға деген белсенді қызығушылығын көріп отырмыз. Біздің міндетіміз — осы қызығушылықты қолдау, мүмкіндіктер беру және олардың өз әлеуетін ашып, болашақта еліміздің технологиялық трансформациясында көшбасшы болуына жағдай жасау», — деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
AI Olymp екі күнге созылып, екі бес сағаттық сайыс турын қамтыды. Жарыстардан бөлек, қатысушылар ЖИ саласындағы сарапшылардың дәрістерін тыңдап, Қазақстанда бұл бағытты дамыту жоспарларымен танысты.
Оқушылардың қызығушылығын арттырып, ынталандыру мақсатында қатысушылардың 50%-ы медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл тәжірибе жастардың ЖИ мен бағдарламалауға деген қызығушылығын нығайтуға бағытталған.
Финал қорытындысы бойынша ең үздік 12 қатысушы оқу-жаттығу жиындарына шақырылады. Осы жиындардан кейін 2025 жылғы тамыз айында Бейжіңде өтетін ЖИ бойынша Халықаралық олимпиадаға (IOAI) қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасы құрылады.
«AI Olymp — бұл бір реттік іс-шара емес, жас таланттармен жүйелі жұмыстың бастамасы. Бұл — Қазақстанның цифрлық экономикасының болашақ сәулетшілері. Олар “жасанды интеллект деген не?” деп сұрамайды. Олар оны қалай жақсартуға болатынын ойлап отыр», — деді Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин.
Жабылу салтанатына министр Жаслан Мәдиев және федерация президенті Бағдат Мусин қатысты. Олар жас ЖИ-мамандарды даярлау маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның халықаралық аренада лайықты таныстырылатынына сенім білдірді.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін