Автоматты аударма пайдаланылды

Баспасөз баяндамасын жазуға арналған кеңестер

Пресс-релиз компания, жоба немесе бренд танымалдығын арттырудың негізгі құралы саналады. Ол БАҚ-пен және бұқарамен байланыс орнатуда маңызды рөл атқарады. Оның көмегімен оқиға, өнім немесе қызметке қатысты ақпаратты оқырманға қысқа да нұсқа жеткізе аласыз. Дұрыс жазылған баспасөз баяндамасы БАҚ назарын аударып, ұсынған материалыңызды жариялауға ықпал едеді.

Назарларыңызға өтімді баспасөз баяндамасын жазудың басты кезеңдерін ұсынамын.

1. Тақырып жарты мақала. Мұнда ең басты ойды көрсетеміз.

Тақырып қысқа, түсінікті әрі қызықты болуы шарт. Ол бірден журналист пен оқырманды қызықтыруы керек. Тақырып баспасөз баяндамасының мәнін ашып, оның мазмұнын анықтауға көмектесетін кілт сөздерді қамтитынына көз жеткізіңіз.

2. Лид ақпарат өзегі.

Бүгінде оқырмада ұзын-сонар мәтінді оқуға уақыты да, ынтасы да бола бермейді. Егер ақпарат өзегі мәтіннің соңында болса, аудитория бұл материалды өткізіп жіберуі мүмкін. Сол себепті, 1-азат жолға (лид) баса мән беру қажет. Әдетте, мұнда 5 негізгі сұрақтың жауабы қамтылады: кім, не, қашан, қайда және неге. Бұл тілшіге ақпарат не туралы екенін жылдам түсініп, жаңалықтың маңызын бағалауға көмектеседі.

3. Негізгі бөлім тақырыпты ашамыз.

Әрі қарай лидте берілген ақпаратты егжей-тегжей аша түсеміз. Мұнда оқиғаның мәнін/мақсатын атап өтіп, негізгі деректерге тоқталып, компания өкілдерінің немесе оқиғаға қатысушылардың/сарапшының дәйексөздерін келтіруге болады. Логикалық құрылымды сақтап, артық ақпараттан/сылдыр судан аулақ болу аса маңызды. Егер пресс-релиз компанияға немесе жобаға қатысты болса, оның негізін салған адам тарапынан идея қалай пайда болғанын, қандай қиындықтарды еңсергенін және жетістікке қалай жеткенін атап өткен жөн. Жалпы, оқырманды адам оқиғасы үнемі қызықтырады.  

4. Дерек пен дәйек.

Егер сізде статистика немесе зерттеу нәтижелері болса, оларды қосуды ұмытпаңыз. Журналистер көбінесе мақалаларын күшейту үшін нақты деректерді іздейді. Сонымен қатар дәйектер пресс-релиз маңызын аша түседі.

5. Қорытынды және байланыс ақпараты.

Қорытындылай келе, негізгі ойларды қысқаша қайырып, оқырман бұдан әрі не істей алатынын көрсетіңіз (мысалы, қосымша ақпаратты қалай алуға немесе сізбен байланысу жолдары). Телефон мен e-mail/веб-сайтты, байланыс деректерін қосуды ұмытпаңыз.

6. Өзектілігі және уақтылығы

Баспасөз баяндамасы өзекті болып, тиісті уақытта таратылуы керек. Егер ақпараттық өріс ауқымды / мемлекеттік / әлемдік оқиғаларға толып тұрса, күткен дұрыс. Әйтсе, ұсынған мәліметіңіз қаншалықты өзекті болса да, ақпараттың көптігінен жарияланбауы мүмкін. Сондай-ақ егер анонс болса, тілшілерге уақытты жоспарлап, жарияланымға дайындық жүргізуге мұрша беріңіз. Басылымның ерекшелігі мен аудиториясын да ескеру қажет.

Әлбетте, әр баспасөз хатшысы мен баспасөз қызметкерінің өз қолтаңбасы бар. Мен негізгі шарттарды сипаттадым. Пайдаңызға жараса, қуанамын. Әр инфоповодыңыз оқырманға жетіп, мыңдаған қаралым жинауыңызға тілеулеспін.

 

Пікірлер 3

Кіру пікір қалдыру үшін