Алматы облысында IT-индустрияны дамытуға жаңа серпін беретін Alatau Hub ашылды
Алматы облысының әкімшілік орталығы – Қонаев қаласында Alatau Hub өңірлік инновациялық орталығы ресми түрде іске қосылды. Хабтың ашылуы аясында еліміздің ірі IT-компаниялары көрмесі ұйымдастырылды.
Alatau Hub еліміздегі өзге де өңірлік инновациялық орталықтар сияқты Astana Hub-тың білім беру және инкубациялық бағдарламаларын таратады. Орталық митаптар, Pizza Pitch, воркшоптар, Speaker Talks, Idea Battle мен басқа да түрлі іс-шараларды өткізуге арналған басты алаңға айналады. Бұл бастамалар өңірде IT-қауымдастықтың қалыптасуы мен дамуына, өзара білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етеді.
«Өңірлерде IT-хаб ашу – технологиялық инфрақұрылымды дамыту және аймақтардағы инновациялық идеяларды қолдау бағытындағы маңызды қадам. Alatau Hub Алматы облысы IT-қауымдастығын дамыту бағытында жаңа стандарттарды белгілейді. Мұндағы мақсатымыз – технологиялық кәсіпкерлікті насихаттап, стартап мәдениетін қалыптастыру. Осылайша, өңірде IT-сала мен цифрлық білім беру шыңдала түседі», - деді өз құттықтау сөзінде Мұрат Мәдіғұлов, Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы.
Бүгінде Alatau Hub – Astana Hub басқаруымен іске қосылған 14-өңірлік хаб. Жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірін қамту көзделіп отыр. Әр аймақтық IT-хабта өңірлік қауымдастық менеджерлері барша ниет білдірушіге өз дағдыларын шыңдауға көмектеседі.
«Өңірлік хабтарды дамыту Astana Hub-тың жергілікті IT-қауымдастық пен IT-таланттардың тұрақты легін қалыптастырып, оларды Қазақстан аймақтарында жетілдіруге бағытталған негізгі міндеттерінің біріне жатады. Біздің аймақтық хабтар инновацияға, кәсіпкерлікке және технологиялық прогреске ықпал ететін экожүйені құрып, қолдау көрсетуде шешуші рөл атқарады. Жастар оқып қана қоймай, білімдерін тәжірибеде қолданып, өз компаниялары мен инновациялық өнімдерін құру мүмкіндігіне ие болады. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экономиканың дамуына және еліміздің халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігінің артуына септігін тигізеді», - деді Дания Ахметова, Astana Hub басқарушы директоры.
Бизнес өкілдері инновациялық орталықтарды ашу бастамаларында көбіне маңызды серіктес болады. Мысалы, Sergek Group компаниясы Ақтаудағы Mangystau Hub-тың ашылуына қолдау көрсетсе, Freedom Holding Corp халықаралық компаниясының құрамына кіретін «Фридом Финанс» АҚ Aqtobe IT Hub-ты құру жобасын іске асыруға қаражат бөлді. Ал Alatau Hub-тың іске қосылуы Sergek Group пен Integra IT-компаниялары демеушілігі арқасында жүзеге асты.
«Қазақстан цифрландыруды дамыту бойынша әлемдік аренада керемет нәтижелер көрсетіп отыр. Осы ретте IT-дың кадрлық әлеуетін жетілдіру үшін жағдай жасау қажет. Біз жаңа заман компаниясы ретінде мұны түсініп, инновациялар мен қауымдастықтың дамуы үшін қолайлы орта жасағымыз келеді. Сондықтан Alatau Hub пен Mangystau Hub орынжайын жөндеу біз үшін сәтті қабылданған кезекті сынақ болды. Бірлескен күш-жігеріміз еліміздің өңірлерін инвесторлар мен ақпараттық технологиялар саласы мамандары үшін бұдан да тартымды етуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз», - деді Әсет Ахметов, Sergek Group бас директоры.
Естеріңізге салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңызын атап, Astana Hub тәжірибесін кеңінен масштабтау міндетін қойды.
«2023 жылдан бастап өңірлік хабтарда 1000-нан астам іс-шара өткізіліп, 300-ден астам стартап-идея ұсынылды. Өңірдегі 80-нен астам IT-компания технопаркіміздің қатысушылары қатарына қосылды. Сондай-ақ Google Developers Group, USAID, Digital Nomads, inDrive сияқты серіктестермен бірге аймақтық хабтарға арналған түрлі бағдарламалар іске қосылды. Атап айтқанда, вебинарлар, конкурстар, хакатондар ұйымдастырылып, Қазақстан аймақтарында геймдевті дамыту қолға алынды», - деді Аида Дусова, Astana Hub Өңірлік даму офисінің директоры.
Бүгінде ҚР ЦДИАӨМ бастамасымен және Astana Hub, әкімдіктер мен жеке серіктестердің қолдауымен еліміздің 14 өңірінде IT-хабтар табысты жұмыс істеп тұр: Abai IT Valley, Kyzylorda Hub, Digital Jetisu, Zhambyl Hub, Oskemen IT Hub, Jaiq Hub, Turkistan IT Hub, Qostanai IT Hub, Aqtobe IT Hub, Aqmola IT Hub, Pavlodar IT Hub, Terrikon Valley, Mangystau Hub. Сондай-ақ 2024 жылы Alatau Hub-тан басқа Атырау, Шымкент, Жезқазған, Петропавл және Жаңаөзен қалаларында IT-хабтар ашу жоспарланып отыр.
Пікірлер 4
Кіру пікір қалдыру үшін
Farkhat Myrzabekov · Шілде 5, 2024 10:22
👍👍
Damir Uali · Маусым 23, 2024 01:11
Надо еще открыть
Aziza Kudabayeva · Мамыр 15, 2024 16:45
🤩🤩🤩
Arman Zhalgasbayev · Мамыр 15, 2024 14:12
Congrats, Alatau Hub 🔥