Astana Hub пен TikTok стартаптарға арналған білім беру жобасын іске қосып, байқау жариялады
Орталық Азиядағы ең ірі технопарк Astana Hub пен қысқа бейнероликтер жасауға арналған TikTok платформасы Digital Bridge 2022 форумы аясында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Келісімнің басты бабы - қазақстандық стартаптарға арналған эксклюзивті білім беру бойынша TikTok StartUp Academy бірлескен жобасының іске қосылуы.
"Astana Hub пен TikTok арасындағы ынтымақтастық қазақстандық стартаптарға өз қызметтері мен өнімдерін жаһандық аудиторияға тиімді жеткізуге мүмкіндік береді. Танымал платформамен жүргізген серіктестігіміз Қазақстанның және оның IT-экожүйесінің танымалдығын еселеп арттыратынына сенімдімін. Бұл, өз кезегінде, елімізге инвестициялар мен жаңа IT-компанияларды тартады", — деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Білім беру бағдарламасы аясында 300 стартап TikTok for Business сарапшыларымен өтетін вебинарларға қатыса алады. Емтиханды сәтті тапсырған алғашқы жиырма қатысушы Астанадағы офлайн-воркшоптарға барады. Оқыту нәтижесінде үздік жобаларды дамыту үшін гранттар беріледі. Қатысам деушілер өтінімдерді 11 қазанға дейін тапсыра алады, ал бағдарламаның ресми ашылуы 14 қазан күні өтеді.
"Қазақстандық бизнестің TikTok-қа деген қызығушылығы артуда. Инновациялық компания ретінде біз технологиялық жаңа кәсіпкерліктерді қолдағымыз келеді. Осы мақсатта біздің Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі технопарк Astana Hub-пен біріге жұмыс істегеніміз қисынды. Біз TikTok StartUp Academy аясында кәсіпкерлерге жаңа білім алуға және үздік сарапшылардың тәлімгерлігімен жаңа биіктерге жетуге мүмкіндік беретін бірегей тәжірибемен бөлісеміз, ал үздік қатысушыларға берілетін гранттар батыл идеяларды іске асыруға жол ашады", — деп атап өтті Global Business Solutions, TikTok-тың Шығыс Еуропадағы бас директоры Анастасия Панина.
Сондай-ақ Astana Hub «TikTok Startup Astana Valley» байқауының басталғаны туралы хабарлады. Байқау ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге жобасын платформаның миллиондаған қауымдастығына танытуға мүмкіндік береді. Авторлар видеосы оның бизнес-идеясын креативті түрде ашып көрсетуі тиіс. Одан бөлек, байқаудың қазылар алқасы мен платформа қауымдастығы жобаның өміршеңдігіне көз жеткізуі керек.
28 қыркүйектен бастап 28 желтоқсанға дейін конкурс қатысушылары TikTok-қа кемінде 36 ролик түсіріп, жариялауы тиіс. Ең жарқын және креативті жобаның авторы жеңімпаз атанып, мықты ІТ-тәлімгерлермен жұмыс істей алады. Екінші және үшінші орын алған қатысушылар бағалы сыйлықтарға ие болады.
Digital Bridge халықаралық форумы Астана қаласында 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл форумның бағдарламасы аясында 45 панельдік сессия, технопарктер көрмесі, ІT-стартаптар аллеясы, IT-мектептер көрмесі, IT-вакансиялар жәрмеңкесі, Astana Hub Battle жарысы қарастырылған.
Ұйымдастырушылар - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласы әкімдігі мен Astana hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі.
Форумның бас демеушісі – Kaspi.kz. Демеушілер мен серіктестер - Казахтелеком, Freedom bank, Tengizchevroil, My Car, Tech culture, Huawei, G42, Halyk Bank, Bigroup, Prime source, Glovo, SF, Leica, BI Group, OneWeb, Citix, Global nomads.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін