Astana Hub Шанхайдағы China International Import Expo ірі көрмесінде таныстырылды

5-10 қараша аралығында Шанхайда 6-шы Қытай халықаралық импорт көрмесі (China International Import Expo, CIIE) өтіп жатыр. Еліміздің делегациясын ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бастап барды.


Шара тауар мен қызмет алмасу үшін маңызды жаһандық алаң саналады және биыл Қазақстан инновация, экспорт, ауыл шаруашылығы, туризм және логистика салаларындағы компаниялар мен жобалар арқылы өзінің инвестициялық, сауда және өндірістік мүмкіндіктерін көрсетіп жатыр.

Қазақстандық коммерциялық стендті аралау барысында көрмеге келушілер, соның ішінде Австралия, Қытай, Куба, Сербия және басқа елдердің делегациялары отандық кәсіпорындардың өнімі және ұсынысымен, соның ішінде Astana Hub қызметімен танысты.

Astana Hub халықаралық технопаркі бес жыл ішінде аймақтағы ІТ саланы дамыту орталығы бола тұра, Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық хабқа айналды. Технопаркке қатысушы IT-компаниялардың жалпы табысы 1,6 миллиард долларды құрады, тартылған инвестиция көлемі 517 миллион долларға жетті, ашылған жұмыс орындарының саны 20 мыңнан асты.

 Astana Hub қызметі ІТ-бизнес үшін экожүйені құру және дамытуға, ІТ мамандарын даярлауға және стартап жобаларды қолдауға бағытталған. Бүгінгі таңда технопаркте 1331 IT-компания тіркелген, оның ішінде 372-сінің шетелдік үлесі бар. Astana Hub қатысушыларына бизнесті дамыту және масштабтау бағдарламаларын, арнайы салықтық және визалық шарттарды, ақпараттық-білім беруді және материалдық инфрақұрылымды қоса алғанда, жан-жақты қолдау көрсетіледі.

 Көрмеге келушілер сондай-ақ Kazakh Invest және Kazakh Export компанияларының, «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының, «Астана» халықаралық қаржы орталығының, т.б. қызметімен танысты.

Айта кетейік, соңғы 5 жылда Қытай халықаралық импорт көрмесіне Қазақстаннан 133 компания қатысып, соның арқасында 260 миллион доллардан астам табысты экспорттық келісімшарттар жасалған.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін