DOMiNO Ventures іріктеген ТОП-10 стартаптың төртеуі Қазақстаннан

DOMiNO Ventures халықаралық венчурлық қоры Орталық Азия мен Кавказ өңірлерінде стартап-экожүйесін дамыту мақсатында BetterFuture AI акселерациялық бағдарламасын іске қосты. Акселераторға қатысу үшін перспективті 10 стартап қана таңдалды, олардың қатарында 4 қазақстандық компания – ZebraEye, Aldente AI, Pleep және Kale бар.


 Бағдарламаға қазақстандық стартаптардан басқа Грузия, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қырғызстан стартаптары қабылданды: Acro, Enji.ai, Stemio, Unitlab Inc., Elara Technologies пен Arrival.

«Бағдарламаға іріктелген стартаптардың басым бөлігінің қазақстандық болуы өнімдеріміздің жетілгенін растайды. DOMiNO Ventures 8 мемлекеттің 50-ден астам жаһандық және жергілікті серіктесімен әріптестік орнатқан. Қазақстан нарығына бұл қор 2023 жылы Digital Bridge-де Astana Hub-пен жасалған меморандум шеңберінде келген болатын. Биыл наурызда  DOMiNO Ventures қазақстандық GoDays жобасына $490 мың инвестиция құйды, енді, міне, қордың акселераторында төрт стартабымыз шыңдалатын болады. Біз әріптестігіміздің қарқынды дамып жатқанына қуаныштымыз», - деді Танат Өскембаев, Astana Hub басқарушы директоры.

2024 жылдың 25 сәуірінде басталған 8 апталық ауқымды бағдарлама аймақтың қарқынды дамып келе жатқан технологиялық экожүйесінің шығармашылығы мен ілгерілеуін дамытуға бағытталған. Оқу бағдарламасы қатысушыларға жаһандық бәсекеге қабілеттілік үшін қажетті дағдыларды ұсынып, оқытудың техникалық, бизнес және көшбасшылық аспектілерін біріктіреді.

«Біз бизнеске ChatGPT сияқты нақты уақытта байланысу мүмкіндігін ұсынатын бейнекамералармен өзара әрекеттесу платформасын әзірледік. Қазіргі уақытта 30-дан астам компания біздің өнімді пайдалануға асық. Бұдан бөлек Қазақстанда бес желісі бар пилоттық жобаны, оның ішінде 160 локациялы бір желіні іске қостық, сондай-ақ АҚШ-та ірі желілері бар пилоттық жобаларымыз бар. Жақында стартабымыз NVIDIA Inception бағдарламасына қосылды. Бүгінгі таңда басты мақсатымыз - өнімді дамыту және трафикті арттыру.  Акселераторға қатысу осы міндеттерді шешуге септігін тигізетініне, әсіресе, сарапшылармен қарым-қатынас орнатудың тиімділігі зор болатынына сенімдіміз. Сондай-ақ қаржылық раундты бастауға дайындалып жатырмыз. Осы маңызды кезеңде DOMiNO Ventures қолдауына үміттенеміз», - деді Лаура Таганова, Aldente AI бас директоры әрі негізін тең қалаушы.

BetterFuture AI қатысушылары инвестиция тартып, Орталық Азия мен Кавказдың инновациялық әлеуетіне мүдделі инвесторлардың кең желісіне енуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар қатысушылар түлектер желісінің мүшесіне айналады, бұл оларға өмір бойы түрлі қолдау мен мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашады.

Бағдарламаға Westminster International University беделді білім беру мекемелерінің желісі, сондай-ақ Creative Business Network және ABB Innovation Bank негізгі салалық серіктестері қолдау көрсетеді. DOMiNO Ventures Microsoft, AWS, Astana Hub, IT Park және SABAH HUB-пен ынтымақтастық орнатқан, бұл стартаптардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, дамытуға мүмкіндік береді. Қор жасанды интеллект, геймдев және Web3 жобаларына басымдық береді.

BetterFuture AI бағдарламасы және оның мүшелері туралы қосымша ақпаратпен DOMiNO Ventures сайтынан танысуға болады.

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін