Бұл стартап Қазақстандағы темір жол жүк тасымалының 95%-ын цифрландырған сервис құрды. Networks Energy хикаясы

Отандық Networks Energy стартапы Қазақстандағы темір жол жүк тасымалын түгелдей дерлік цифрландырған сервис құрды. Осы шешімнің арқасында компаниялар А нүктесінен Б нүктесіне тауар жөнелту үшін сұралатын бір бума құжат жинау машақатынан арылды. Деректерді жүйеге енгізсе жеткілікті, ол керек жол-тауар құжаттарын дайындап, тасымал құнын есептеп береді. Сервис қалай жұмыс істейді және жүк тасымалы нарығының тағы қандай мәселесін шешеді? Networks Energy бас директоры Бақыт Ержановтың Astana Hub-пен бірлескен “Қазақстандағы 100 стартап” жобасы аясында Digital Business-ке берген сұхбатын оқыңыздар.


“Темір жол – инновация тұрғысынан ең консервативті салалардың бірі”

— Бақыт, Networks Energy немен айналысады, түсіндіріңізші?

— Қысқаша айтсақ, біз темір жол жүк тасымалы саласындағы құжат айналымын цифрландырып, жеңілдетеміз. Біздің басты өніміміз – “Келісім-шарттық және коммерциялық жұмыс” автоматтандырылған басқару жүйесі, ККЖ АБЖ ретінде белгілі. Бұл Қазақстан бойынша жүк тасымалына қажетті қағаздар: рұқсат құжаттары, жол-тауар құжаттары, төлемді растайтын түбіртектер және т.б. автоматты түрде жүктелетін жүйе. Ол сонымен бірге тасымал жоспарын құрып, оның жағдайын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні біз Қазақстанның барлық жүк тасымалының шамамен 96%-ын цифрландырдық.

— Стартапты қашан және не үшін бастадыңыз?

— Алыстан бастайын: темір жол – инновация тұрғысынан әлемдегі ең консервативті салалардың бірі. Мұнда жаңашылдықтар ауыр қабылданады, себебі темір жол магистралі үнемі өсіп жатқан сұранысқа ие және тұрақты түрде мол табыс әкеледі. Бұл саладағы компанияларды процестерді оңтайландыруға көндіру қиын.

Біздің стартап 2014 жылы пайда болды. Ол кезде сала кеңес дәуірінен қалған, қағаз құжат айналымына негізделген ескі жүйемен жұмыс істейтін.
Темір жол тасымалы ережелеріне сәйкес, жүк жөнелтушілердің жұмысы айлық жоспардан басталады: мысалы, компания қыркүйек айында 100 вагон жөнелтуі тиіс болса, тамызда ҚТЖ-ға өтінім беру керек, содан кейін ұйымның бірнеше департаментінде қағазға мөр бастыру керек. Құжатты бекіту үшін апталық уақыт өтеді, кейде бұдан да көп, себебі өтінім жолда жоғалып кетуі мүмкін.

Бұл тасымал саласы қатысушыларының ортақ “бас ауруы” еді. Сондықтан, процесті автоматтандыру идеясы туды. Сөйтіп Network Energy және біздің басты өніміміз – ККЖ АБЖ пайда болды. Қазір жоспарды бекіту процесі 5 минутты алады: жүк жөнелтуші бір форманы толтырса жеткілікті, ҚТЖ құжатты автоматты түрде тексеріп, бекітеді. Уақыт өте келе АСУ ДКР-дің қызмет түрі кеңейіп, электронды тасымал құжатын рәсімдеу, вагондарға тиеу/түсіруді тіркеу жүйелері, басқа елдердің темір жолдарымен интеграция және т.б. қосылды.

“Біздің команда 5 жылдың ішінде Қазақстандағы барлық бекетті цифрландырды”

— Мұндай жобаны іске қосу үшін қанша уақыт қажет болды?

— Біз жобаның бірінші жылында сынақ режимінде жұмыс істедік. Networks Energy құрылғалы 5 жыл өткен соң ғана ресми іске қосылдық.
Осы уақыт бойы біз ҚТЖ көмегімен Қазақстандағы темір жол тасымалы қалай жұмыс істейтіні жөнінде деректер жинап жүрдік. Ол үшін, мысалы, 10 адамнан құралған команданы жалдадық. Олар Қазақстандағы 450-ден астам темір жол бекетін аралап шықты. Олардың әрқайсысының шот-фактура рәсімдеуде және жалпы бизнес-процесінде өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, Астанада негізінен жүк қабылдайтын “Сороковая” бекеті бар, сол сияқты негізінен жүк жөнелтетін “Екібастұз” бекеті бар. Әр жердің өз нюанстары бар және оны түсінуің керек.

Бұл үлкен жұмыстың маңызды кезеңі еді. Бізге процестің барлық күрделі тұсын күн сайын ондаған құжат рәсімдейтін адамдардың көзімен көруіміз керек еді. Сол үшін тіпті біз темір жол бекеті қызметкерлері пайдаланатын компьютерді сатып алдық. Бұл сервис интерфейсін құру кезінде көп көмектесті және ККЖ АБЖ-ні ыңғайлы, әрі жеңіл жасауға мүмкіндік берді.

Сол сапарлардың нәтижесінде жүк жөнелтушілер бекеттердің ерекшеліктерін беске біліп, тасымал маршрутын жасай алуы үшін әр темір жол бекеті бойынша жеке деректер каталогын құрастырдық.

Сервисті аяқтау үшін біз ҚТЖ-мен 2019 жылға дейін пилоттық жоба форматында жұмыс істедік. Ал олармен алғашқы коммерциялық келісімшарт тек 2019 жылдың соңында жазылу үлгісін қолдана отырып жасалды. Қазір 51 мыңнан астам қолданушымыз бар, олар: ҚТЖ орталық аппараты және жеке тасымалдаушылардың қызметкерлері, жүк жөнелтушілер, темір жол бекеттері жұмысшылары.

— Бірінші коммерциялық келісім-шартты тек 2019 жылы жасассаңыз, жоба 5 жыл бойы қандай ақшаға өмір сүрді?

— Бұл жоба фаундерлерінің қаражаты. Өкінішке қарай, нақты көлемін айта алмаймын.

“Біз ККЖ АБЖ-ні Open Source шешімі форматына ауыстырдық”

— Сіз Қазақстанның барлық темір жол бекетін аралап шыққан 10 маман туралы
айттыңыз. Бастапқы кезде стартапта қанша адам жұмыс істеді және қазір қанша?

— Тағы 10–15 адам. Басым бөлігі бағдарлама әзірлеушілер және бизнес-процестермен айналысқан 1-2 адам болды. Қазір компания штатында шамамен 60 адам бар, олар бірнеше топқа бөлінген. Мысалы, бізде backend және frontend–әзірлеу, дизайн, QA-тестілеу, жүйе аналитикасы департаменттері бар. Әр блоктың басшысы бар, әзірлеушілердің тіпті екі жетекшісі бар, себебі біз қазір бұл командаларға жас мамандар алдық, оларды үйрету керек.

— Жоба командасы айтарлықтай өскен. Бұл адамдар не істейді, қандай жаңа қызмет түрін жасап жатыр?

— Техникалық тұрғыдан қарасақ, басты өзгерісіміз – биыл тамыз айында ККЖ АБЖ-ні Open Source шешімі форматына ауыстырғанымыз. Бұған 1,5 жыл дайындалдық, IT-компания ретінде бұл біз үшін маңызды қадам. Бастапқыда жүйе IBM – шетелдік бардарламалық қамтамасыз ету шешімі негізінде құрылған болатын. Оны пайдалану лицензиясы біздің негізгі клиентіміз ретінде ҚТЖ үшін біршама тәуекел туғызды, өйткені уақыт өте келе қызметтің функционалдық мүмкіндіктерінің кеңеюіне байланысты сұрақтар туындауы мүмкін еді.

Open Source-қа көшудің арқасында біз лицензиялық шектеулерге қарамай, кез келген бағытта функционалдық мүмкіндіктерімізді дамыта аламыз. Қазірдің өзінде кейбір жаһандық бәсекелестерді басып оздық: Ұлыбритания мен Австралияда, мысалы, сервистер әлі де SAP және IBM негізіндегі жұмыс істейді.

Өтпелі кезең өте қиын болды: жүк жөнелтушілер мен ҚТЖ бұл қызметті одан әрі пайдалана алуы үшін бір уақытта екі жүйеге қызмет көрсетуге тура келді. Біз модульдерді бірінен соң бірі қайта жазып, оларды бірте-бірте ашық кодқа көшірдік.

Open Source-ке көшудің тағы бір маңызды артықшылығы – әртүрлі жүйелермен және дерекқорлармен, соның ішінде мемлекеттік жүйелермен оңайлатылған интеграция. Мысалы, біз қазір Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз: мекеме бидай мен басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын тасымалдау бойынша статистикалық мәліметтерді алып отырады, сондай-ақ Қаржы министрлігімен де жұмыс істейміз.

— Тағы қандай өзгерістер бар?

— Сонымен қатар біз жүк жөнелтушілер мен жүк қабылдаушылардың басқа да «бас ауруын» шешетін жаңа өнімдер жасап жатырмыз. Мысалы, ҚТЖ және қаржы министрілігімен бірге кедендік өңдеу қызметінің пилот жобасын жасадық. Мәселе мынада: әр елдің өз кедендік декларация талабы бар. Бұрын транзиттік жүк шекарада болғанда адамдар түрлі формаларды бөлек толтыру үшін көп уақыт жұмсайтын. Содан кейін сонша уақыт декларациядағы мәліметтердің дұрыстығы тексерілгенше күтетін. Сөйтіп адамдар 8 сағаттан бастап бірнеше күнге дейін шекарада тұрады. Ал егер кейбір құжат жетіспейтін болса, түпнұсқасын сұратып, оны шекараға жеткізгенше тағы күтеді.

Біз жұмысты толығымен аяқтаған кезде транзиттік жүктерге арналған декларация автоматты түрде толтырылады, бұл қазақстандық бағыттың транзит үшін жылдамдығы мен тартымдылығын арттырады.

Тағы бір жаңа сервис– жүк жөнелтушілерге тауарды жөнелтпес бұрын нақты бағаны білуге ​​мүмкіндік беретін жүк тасымалдау құнын есептеуге арналған онлайн калькулятор әзірленіп жатыр.

“АҚШ-тың әлеуеті зор. Бастысы – онда тауаша бос”

— Сіздер Astana Hub-тың акселерация және инкубация бағдарламаларына қатысып жатқаныңызды білемін, ал 2023 жылдың көктемде Networks Energy тіпті Central Asian Tech 2023-те «Жыл серпіні» мәртебесіне ие болды. Бұл сіздерге не береді?

— Дәл солай. Конкурстағы жеңісімізден кейін біз Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан технохабтарының стартаптар тобына кіріп, Кремний алқабына жолдама алдық. Америка нарығымен танысып, Google, NVIDIA, Meta және LinkedIn сияқты ірі корпорациялар инновацияларды қалай жасайтынын көрдік.

Қазір біз бизнес-моделді оңтайландыру және экспорттық нарыққа, атап айтқанда АҚШ-қа жылдам шығу үшін Scalerator бағдарламасына қатысып жатырмыз.

Сіз айтқан бағдарламаның бәрі біздің компанияның тезірек өсуіне көмектеседі. Әрбір акселераторда немесе инкубаторда бизнес-процестерді құруға және өсудің жаңа әлеуетін көруге көмектесетін тәжірибелі тәлімгерлер бар. Бұл мамандар стартаптарға жобаларды масштабтау және ол үшін қажет ресурстарды байсалды бағалау туралы дұрыс сұрақтар қоя біледі.

Біз үшін тағы бір құндылық – жаңа халықаралық нарықтардың сарапшылық бағасы. Осы бағдарламалар барысында, мәселен, біз өнімді темір жолдың нашар дамығанына байланысты Латын Америкасына шығара алмайтынымызды түсіндік. Ал Австралия, керісінше, географиясы мен ресурстық базасы ұқсас болған соң, бізге қызық болуы мүмкін.

Яғни, адамдарда бизнесті қалай құру керектігі туралы түсінік пен тәжірибе бар. Бұл біз үшін құнды.

— Сіз АҚШ туралы айттыңыз. Бұл нарық несімен қызық?

— Біріншіден, АҚШ-та біздің есебіміз бойынша барлық жүк тасымалының шамамен 40% теміржол арқылы өтеді. Нарық көлемін ескерсек, онда орасан зор ақша бар.

Екіншіден, бұл елде теміржол саласы мүлде басқаша құрылған: АҚШ-та теміржол жолының жекелеген бөліктеріне иелік ететін ондаған жеке компания бар. Яғни, сала максималды орталықсыздандырылған. Ал барлық теміржол иелерін біріктіре алатын сервис жақсы болады және өркендейді.
Тауашаға келетін болсақ, біз жүйеміздің америкалық қызметтердің аналогын зерттедік. Нәтижесінде ККЖ АБЖ одан жаман емес, ал кей жерлерде функционалдық жағынан одан да жақсы деген қорытындыға келдік.

Әрине, бұл өте қиын нарық екенін түсінеміз, ол жаққа барып, алғашқы қадам жасау үшін миллиондаған доллар қажет. Бірақ онда орасан зор әлеует бар. Ең бастысы, тауаша бос. Әзірге ол ұзақ мерзімді жоспарлар.

— Networks Energy-ден жақын бір не бір жарым жылда не күтеміз?

— Біз тасымалдауды динамикалық жоспарлау жүйесін іске қосқымыз келеді. Машиналық оқыту мен жасанды интеллектке негізделген бұл сервис теміржолдағы кептеліс, кіретін жүк және басқа да параметрлер бойынша ақпаратты талдайды. Осы деректердің арқасында бұл қызмет жоспарланған жүк дәл және уақытылы жөнелтілуі үшін теміржол инфрақұрылымындағы жүктемені теңестіреді.

Біз сондай-ақ Chat GPT негізінде Telegram-да чат-бот жасадық. Ботта құжаттарды дайындаудың барлық алгоритмдері және ККЖ АБЖ -ні дұрыс пайдалану бойынша нұсқаулық бар. Бюрократиялық талаптарды түсінуге ұзақ уақыт жұмсағысы келмейтіндер үшін ыңғайлы жүйе.
Алдағы айларда біз жоғарыда айтқан кедендік өңдеуді интеграциялауды аяқтаймыз, өйткені әзірге бұл пилоттық жоба.

2025 жылға дейін біз Ресей темір жолы мен Қытай темір жолының ақпараттық жүйелерімен толық интеграцияны аяқтау мақсатын көздеп отырмыз. Бұны істесек, халықаралық тасымалды жоспарлауды айтарлықтай жеңілдетеміз: бұл қадамның арқасында ресейліктер, қытайлықтар және қазақстандықтар өз елдерінің шекаралық өткелдерінде жақын арада қандай жүк тоқтайтынын қадағалай алады. Бұл теміржол вокзалындағы жүктемені теңестіріп, пойыздар қозғалысын жылдамдатады.

https://digitalbusiness.kz/kk/2023-11-23/bl-startap-azastandai-temr-zhol-zhk-tasimalini-95-in-tsifrlandiran-servis-rdi-networks-energy-hikayasi/

 

 

Пікірлер 3

Кіру пікір қалдыру үшін