Google for Startups пен Astana Hub бірлескен Silkway Accelerator енді Грузияны да қамтиды
Қазақстан биыл Орталық Азиядағы Google for Startups жаһандық компаниясымен бірге акселератор жүргізетін бірінші және жалғыз мемлекет мәртебесінде қала бермек. Silkway Accelerator бірлескен бағдарламасының өткен жылғы екі легінің тиімділігі мен өнімділігін ескере отырып, Google for Startups 2023 жылы Astana Hub-пен эксклюзивті серіктестігін жалғастыратын болады.
Еске салсақ, 2022 жылы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен Astana Hub Орталық Азиядағы Google for Startups бағдарламасының бірінші серіктесі болды. Silkway Accelerator бірлескен бағдарламасының бірінші легі былтыр шілдеде, екінші легі қыркүйек айында басталған болатын.
«Google for Startups-пен ынтымақтастықтың арқасында Орталық Азиядан, Әзірбайжан және Моңғолиядан 25 үздік стартап жаһандық нарыққа шығып, акселератор кезінде қарқынды дамыды. Барлық компаниялардың ай сайынғы табысы орта есеппен екі есеге артты. Google for Startups-пен серіктестігіміз қисынды жалғасын тапты. Қазір бағдарламаға өтінімдер қабылдап жатырмыз, биылғы жаңалық - Google for Startups бағдарламасы Грузияны қосу арқылы бағдарламаның қамту аймағын кеңейтті - енді осы елдің стартаптары да біздің акселераторға қатыса алады», - деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Өткен жылы бағдарламаға 567 технологиялық жоба бойынша өтінім түсті. Олардың 30-ы іріктеуден сәтті өтіп, ал 25-і бағдарлама барысында табыстарын арттырып, жаңа нарықтарға шықты.
Мысалы, Citix ақпараттық-навигациялық жүйесі Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шықты. Zypl.ai стартабының негізін қалаушылар екі жаңа нарықта сатылымдарын кеңейтіп, құнын $6 миллионнан $10 миллионға ұлғайтты. CTOgram жобасы 230 мың белсенді автокөлік иелері мен 2 мыңнан астам жөндеу шеберханасын қамтыды. Fibo.cloud компаниясы ай сайынғы кірісін 22 есеге, Metatesk білім беру платформасы - $4 мыңнан $18 мыңға өсірді, ал Planet9 необанкінің сатылымы 0-ден $70 мыңға артты. Zan.bar - еуропалық нарыққа шығып, өз өнімін Ұлыбританиядағы 12 банкпен интеграциялады.
Silkway Accelerator-дың үшінші легі 2023 жылдың 20 наурызында басталады. Бұл жолы да оқу Астанада оффлайн форматта тегін өтеді және үш айға созылады. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан және Грузия елдерінің Product/Market Fit, Scale кезеңіндегі IT-стартаптарынан өтінімдер 17 ақпанға дейін қабылданады.
Қатысушылар Google-дың үздік сарапшылары, Astana Hub-тың тәжірибелі трекерлері мен менторларынан тәлім алып, шеберлік сабақтарына, сондай-ақ PR қолдауға ие болады. Үшінші лектің нәтижесіне орай Demo Day ұйымдастырылып, стартаптар жергілікті және шетелдік инвесторларға өз жобаларын таныстырады.
Сонымен қатар Astana Hub қатысушыларға жабдықталған баспана мен жұмыс орнын ұсынады. Олар бизнес-процестерді дұрыс жүргізіп, тиімді серіктестік құруды, жоба ауқымын кеңейтіп, инвестиция тартуды үйренеді.
«Бастапқыда бұл жай ғана стартаптарға арналған кезекті қарапайым бағдарлама деп ойладым, бірақ қазір өмірімдегі ең жақсы бағдарлама деп санаймын. Біз белсендірек, бірақ сонымен бірге барынша ойласып әрекет ете бастадық. Біз дамуды жеделдететін жаңа бизнес қадамдар іздестірдік. Атап айтқанда, Америка, Канада және Австралия нарықтарында белсенділігіміз артты», - деп өз әсерімен бөлісті Smoothly LTD бас директоры Ержан Асанов.
Оның ұйқыны жайлы ететін Smoothly мобильді қосымшасы «Денсаулық және фитнес» категориясы бойынша Канада мен Австралиядағы App Store 100 үздік қолданбасының тізіміне еніп, 30 мыңнан астам жүктеуге қол жеткізді.
Бағдарламаның бірінші және екінші легінің жетістіктері туралы толығырақ astanahub.com платформасынан білуге болады. Silkway Accelerator үшінші легіне қатысуға өтінімдер 2023 жылдың 17 ақпанына дейін мына сілтеме бойынша қабылданады.
Google for Startups - 2011 жылы Google корпорациясы іске қосқан стартап бағдарламасы. Ол 125 елдегі 50-ден астам коворкинг пен акселератордан тұрады және технологиялық кәсіпкерлер үшін практикалық сабақтар ұсынады.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін