Қазақ және қырғыз стартаптары әйгілі StartX акселераторына қабылданды

Google for Startups пен Astana Hub-тың бірлескен бағдарламасы Silkway Accelerator түлектері – Arlan Biotech және MyStory стартаптары АҚШ-тағы Стэнфорд университетінің беделді StartX халықаралық акселерациялық бағдарламасына өтті.


Arlan Biotech командасы наноденелерді дайындау үшін жасанды интеллекттің озық технологияларын пайдаланады. Жоба медицина мен фармацевтика саласы үшін маңызды жаңалық болды. Өйткені осы наноденелер қатерлі ісік пен аутоиммунды ауруларды диагностикалау мен емдеуде кеңінен қолданылады. Венчурлық қорлардың назарына іліккен бұл стартап алдағы үш жылда жасанды интеллект бойынша әлемдегі ең үздік 5 биотехнологиялық компания қатарына қосылуды көздеп отыр.

«StartX-ке қабылдану әлемдегі кез келген стартаптың арманы. 2022 жылдың қараша айында алғаш рет Startx-ке өтініш бергенімде, Қазақстаннан түскен алғашқы өтінім деген болатын ұйымдастуршылар. Өкінішке қарай, ол кезде өніміміз әлі жетілмеген еді. Сол уақыттан бері көп жұмыс атқарылды: кофаундерді таптым, Astana Hub-та акселератордан өтіп, өнімді пысықтап, сатуды бастадық. Осы күш-жігердің арқасында осы жолы іріктеуден сүрінбей өттік. Енді біз әлемдегі ірі инновациялық қауымдастықтың Стэнфорд университетінің бір бөлігі боламыз. Бұл жұмысымыздың маңызын айшықтайтын елеулі жетістік, халықаралық додада бәсекеге түсе алатынымыздың көрсеткіші. StartX-тің басты артықшылығы: айналадағы адамдар, мәдениет, драйвер, инновация мен әлемді өзгертуге деген ұмтылыс», - деді Болат Сұлтанқұлов, Arlan Biotech негізін қалаушы әрі бас директоры.

StartX технология, биомедицина, энергетика, білім беру және т.б. салалардағы стартаптарға қолдау көрсетеді. Бағдарлама идеядан бастап нарыққа сәтті шығып, инвестицияларды тартуға дейінгі дамудың барлық кезеңінде жобаларды сүйемелдейді. StartX 3 декакорн мен 16 юникорнды шыңдады, қауымдастықтың барлық мүшесінің жалпы құны $26 млрд.

«Стартабымыз StartX бағдарламасына қабылданғанда қатты қуандық. Бұл – жұмысымыздың жемісі, жобамыздың әлеуетіне берілген жоғары баға. Біздің ойымызша, іріктеуден сәтті өтуімізге ықпал еткен нақты критерийлер: балаларға арналған жеке мазмұнды жасауға мүмкіндік беретін бірегей AI технологиямыз, өнімнің метрика және пайдаланушылардың кері байланысымен дәлелденген сұранысы мен дамуы. Осы тұста Astana Hub-тың жобамызды дамытуда маңызды рөл атқарғанын атап өткім келеді», - деді Айтемір Мудинов, MyStory негізін тең қалаушы.

Қырғыздық MyStory стартабы жасанды интеллект көмегімен әр пайдаланушының эксклюзивті тапсырысы негізінде жеке кітаптар жасайды. Silkway Accelerator бағдарламасының төртінші легіне қатысу арқылы стартап өз кірісін айтарлықтай арттырып,  $100 мың инвестиция тартты. Бұдан бөлек MyStory Digital Bridge форумы шеңберінде өткізілген Орталық Азия IT-стартаптарының ең ірі додасы – Astana Hub Battle 2023-те Best AI Startup номинациясы жеңімпазы атанды.

StartX жазғы батчына іріктеу Astana Business Campus және Назарбаев Университетінің қолдауымен Visiting Founder бағдарламасы арқылы ұйымдастырылды.  Алдын ала іріктеуден өткен стартаптар сұхбаттың бірнеше кезеңіне қатысты, оның ішінде cultural interview және екі техникалық (биологиялық және бағдарламалау сарапшылары) сұхбат бар. Бағдарлама стартаптарға бизнесті кеңейту және инвестиция тарту үшін құнды ресурстарға, сараптамалық менторлыққа және желілік мүмкіндіктерге қол жеткізуге жағдай жасайды.

Пікірлер 2

Кіру пікір қалдыру үшін