Жоба Beksar деп аталады. Ол сауда нүктесінің деректерін толық цифрландырып, барлық қажетті ақпаратты ноутбук немесе телефонда жинауға көмектеседі. Стартаптың бұл қызметі Қазақстан бойынша 2,3 мыңнан астам дүкенде қолданылады. Әрине, компанияның негізін қалаушылар бұл жетістікпен тоқтап қалмақ емес. Жоба қалай басталды және оның болашағы қандай? Мақсат пен Айдынның Astana Hub-пен бірлескен “Қазақстандағы 100 стартаптың тарихы” жобасы аясында Digital Business-ке берген сұхбатын оқыңыздар.
«2 жыл бойы дүкендер желісін автоматтандыруға тырыстым. Ал бұл бағдарламаның көмегімен небәрі 4 күнде жасап шықтым»
— Сіздердің стартапыңыз қай проблеманы және қалай шешеді?
Мақсат: — Beksar шағын және орта бизнесті автоматтандырады. Негізінен, ритейлде, яғни дүкендерде қолданылады. Өзіміз ұзақ жылдар бойы саудамен айналыстық: мен 9 жыл, Бауыржан Сәрсембаев 5 жыл, Айдын Темеков те көп жыл осы салада еңбек етті және IT салада тәжірибесі бар.
Біздің стартап қиындықтан туды. Менің Қазақстанның 6 қаласында дүкенім болды. Процестер мен есепті автоматтандыру үшін ондаған миллион теңге жұмсадым. 2020 жылы шағын және бизнеске пайдасын тигізетін нақты шешім болған жоқ. Иә, 1С сияқты жүйелер бар, бірақ олар қажеттілікті ішінара қанағаттандырады.
— Автоматтандыру дегеніңіз не, түсіндіріңізші?
Айдын: — Кез келген дүкеннің қызметі сауда, касса құралы, қалдық тауар, жеңілдік жүйесі және т.б. маңызды заттардан құралады. Бұның бәрі бір қосымшада жиналып, тетікті бір рет басқанда шығуы керек. Яғни, кәсіпкер әрқайсысы бір-бір қызмет ұсынатын бірнеше бағдарламамен басы айналып отырмауы керек.
Тіпті қарапайым тілде айтсам, Beksar сіздің дүкенді толықтай цифрландыруға көмектеседі. Бұрын қалай еді: адам дәптер немесе Excel кестесін ашып, сауданың бәрін соған жазатын. Сосын қолымен санайтын. Бұлай, мысалы, кез келген сәтте дүкенде қанша тауар қалғанын білу мүмкін емес. Ал біздің бағдарлама бұл дәптерді кәсіпкердің ноутбук, планшет немесе телефонына көшіріп, есептің бәрін дәл осы сәтте жүргізуге мүмкіндік береді.
— Нақтылап алайын. Азық-түлік супермаркеттері сіздің клиенттеріңіз бе?
Мақсат: — Жоқ. Бұл бөлек сала. Және оған ыңғайлы жақсы шешімдер жетерлік, сондықтан фудритейлмен жұмыс істемейміз. Қалған бөлшек сауданың бәрін қамтимыз.
— Бәріңіздің желіге айналған жеке дүкендеріңіз болды. Стартап үшін олардан бас тарттыңыздар. Beksar-дың әлеуеті соншалықты зор ма?
Мақсат: — Мен Қазақстанның 6 қаласындағы дүкендер желісін 2 жыл бойы автоматтандыруға тырыстым. Қолымнан келмеді. Ал Beksar-дың көмегімен процесті небәрі 4 күнде жасап шыққанда «Дайын шешім бар және оны Қазақстандағы мыңдаған дүкен қажет етеді» деген ой келді.
Және тағы бір жайт: дүкендер желісінің иесі болып қалғанымда, дәстүрлі жолмен жүрер едім. Асықпай, әр қалада дүкен ашар едім. Бұл алдағы 20 жылда ауқымды бірдеңе жасауға мүмкіндік бермес еді.
Ал біздің бағдарлама Қазақстандағы мыңдаған дүкенді тезірек қамти алады. Шетелге шықсақ та, ештеңе кедергі емес. Яғни, масштабталу тұрғысынан стартаптың болашағы зор.
«Ритейлдердің 90%-ы таза пайда қанша екенін айта алмайды»
— Толығырақ айтып беріңізші, Beksar кәсіпкерлерге несімен пайдалы? Уақыт, ресурс үнемдей ме? Сіздің өнім дүкендер иесінің өмірінде нені өзгертеді?
Мақсат: — Білесіз бе, шағын және орта бизнестегі ритейлдердің 90%-ы бүгінде: «Таза пайдаңыз қанша» деген сұраққа жауап бермейтініне сенімдімін. Олар кіріс пен маржа туралы айтып кетеді.
Бәрі қанша жұмсайтынын біледі. Бірақ қанша табыс табатынын білетіндер аз. Ал бірнеше дүкенің болса және бұл сұраққа нақты жауап бере алмасаң, бұл өте қауіпті, әрі жағымсыз. Кәсіпкер бір күні шығынға батып жатырмын деп ойлайды, ал екінші күні шоттағы ақшаны көріп, шүкір дейді. Бұлай болмауы керек.
Айдын: — Адамдар тіпті, тауарда қанша ақша жатқанын білмейді. Ондай кейстер бар. Бірде қойманы цифрландыруға келдік. Бұл жердегі тауардың сомасы қанша деп сұрадық. Иесі 3 миллион теңгеден аспайды деді. Бірнеше уақыттан кейін біз есебін жасап, қоймада 8 миллион теңгенің тауары жатқанын көрсеттік. Адам бұл туралы білмейді де!
Мақсат: — Кез келген масштабтағы бизнестің жағдайы осындай. Жақында біз сауда желісін цифрландырдық. Иесінің есебі бойынша қоймада 200 миллион теңгенің тауары болған. Ал түгендеу жұмысы жүргізілгеннен кейін оның құны 1 миллард теңге болып шықты. Соманы айтқанда кәсіпкердің өзі таңқалды. Бізбен жарты сағаттай сөйлеспей қойды, тек «Бұл мүмкін емес» деп қайталаумен болды.
«Софтты енгізгеннен кейін мен: «Барлық дүкенді сатып, IT саласына ауысамыз» дедім»
— Өнім жасауға қашан кірістіңіздер?
Айдын: — Ең алғашқы нұсқасы 2019 жылы пайда болды. Ол кезде сыйлықтар дүкенін ашқан едім, бірақ сатылған және қалған тауар туралы дәптерге жазудан тез шаршадым. Бір аптаның ішінде сандардан жаңылдым.
Сол сәтте менің мәселемді жартылай болса да, 1C шеше алар еді. Бірақ бұл бағдарламаны сатып алып, интеграция жасауды қалтам көтермес еді. Сол себепті софтты өзім жазып шығамын деп шештім. Қалай дегенмен бағдарламашы атым бар ғой. Тез арада бір шешім жасап шықтым, оны дүкенімде сынап көрдім, достарыма бердім. Менің өнімім ауыздан-ауызға көшіп, сөйтіп Мақсат пен Бауыржанға жетті.
Мақсат: — Кәсіпкердің кәсіпкерге арнап жазған мықты интерфейсін бірден аңғардым. Бірақ онда кейбір есептер жетіспеді, яғни функциясын жетілдіру керек болды. Осы кемшіліктердің өзінде небәрі 4 күнде дүкендерімді автоматтандырып, бас ауруынан құтылдым. Бауыржанға осыны айтып отырып, «Бітті, барлық дүкенді сатып, IT саласына ауысамыз» дегенім есімде.
Сөйтіп, Бауыржан екеуміз Айдынмен танысып, бірге жұмыс істей бастадық.
— Яғни, бағдарламаның идеясы Айдындікі десем, ал оның жұмыс істейтін өнімге айналуы үшеуіңіздің еңбегіңіз десем, өтірік айтпаймын ба?
Айдын: — Дәл солай.
— Бірге жұмыс істей бастағанға дейін қандай қарым-қатынаста болдыңыз?
Мақсат: — Бауыржан екеуміз дос болдық, ал Айдын телефон деңгейіндегі танысымыз еді. 2020 жылдың ортасында үшеуміз қол алысып, жұмысты бастаймыз деп шештік.
Айдын: — Мақсат маған хабарласып, софт жайлы сөйлесу үшін кездесуді ұсынды. Әңгіме барысында өнімнің әлеуеті зор, пайдасы болады деген қорытындыға келдік.
Шынымды айтсам, ол кезде мен бұл бағдарламаға сенбейтінмін. Тек достарым мен таныстарыма тестілеуге жібердім. Ал жігіттер нақты ұсыныстарымен, пайымымен келіп тұр. Сондықтан серіктес ретінде жұмыс істеуге келістік. Нәтижесінде бір жылдың ішінде дос болып кеттік, әрі қарай бірге жүруді ұйғардық.
Мақсат: — Ол кезде егер бір ай ішінде алғашқы қолданушыларды жинап, ең болмағанда нөлге шыға алмасақ, жобаны аяқтап, өз ісімізбен кетеміз деп келістік. Табыссыз қалу нұсқасы болған жоқ. Бірақ қолымыздан келді, 8 ай ішінде Қазақстанның 17 қаласында филиалдар желісін құрдық.
— Софт шынымен де бірінші айда-ақ жақсы сатылды ма?
Мақсат: — Олай емес. Біздің кәсіптің бірнеше табыс көзі бар. Біріншісі – бағдарламаны пайдаланғаны үшін абоненттік төлем.
Екіншісі – құрал-жабдықтарды сату. Бұл дүкенге қажетті принтер, сканер және басқа да заттар.
Үшіншісі – жабдықты енгізу және орнату.
Төртінші – консалтинг. Бөлшек саудада айтарлықтай тәжірибеміз болғандықтан, басқа кәсіпкерлерге кеңес беру арқылы ақша таба алдық. Бұл ақша бізге басында көп көмектесті. Бірақ біз айына 6 миллион теңге таза кіріс шегіне тез жеттік.
Айдын: — Абоненттік төлемнен басқа барлық табыс көзі шағын, бірақ тұрақты пайда әкеледі. Осыдан түскен пайданы бастапқы уақытта софтты жетілдіруге инвестицияладық. Содан кейін бағдарламаны қосатындар саны өсті. Дегенмен жұмыстың бірінші айында нәтиже болды: ұмытпасам, біз 50 сауда нүктесімен келісім жасадық.
«Beksar-мен бұрын-соңды жұмыс істеген клиенттердің 76%-ы әлі күнге дейін біздің бағдарламалық құралды пайдаланады»
— Өнімді сату кезінде дүкен иелері тарапынан қандай қарсылықтарға тап болдыңыздар?
Мақсат: — Сенбейтін адамдар үшін бірнеше сұрақ дайындадық. Мысалы: «Қалдық тауар саны қағаздағы деректеріңізге сәйкес пе?». Кәсіпкерлердің 90%-ы «жоқ» деп жауап береді немесе басқа бағдарламалардағы қалдық санын бақыламайтынын айтады. Ол үшін оларға есепші керек.
Немесе мынадай сұрақ: «Бизнестің шығыс бөлігін қай жерде бақылайсыз?». Ол ноутбукте немесе басқа қосымша (және ақылы) бағдарламалық жасақтамада екені анықталады.
Бұдан кейін біз бизнестегі бұл жағдай дұрыс емес екенін айтамыз. Бізде дүкен туралы барлық ақпаратты бір бағдарламада жинауға көмектесетін шешім бар. Қазірдің өзінде Қазақстан бойынша 2300 сауда нүктесі бізбен жұмыс істейді, сондықтан сіз де істеп көріңіз дейміз. Айтпақшы, Beksar-мен бұрын-соңды жұмыс істеген клиенттердің 76%-ы әлі күнге дейін біздің бағдарламалық құралды пайдаланады дейміз.
Әдетте, әлеуетті клиенттердің көпшілігінің қарсылығын жою үшін бұл дәлелдер жеткілікті.
«Біз ұзақ уақыт бойы стартап-кездесулерден алшақ жүрдік, өйткені қалай алты ай бойы жұмыс істеп, ештеңе таппауға болатынын түсінбедік»
— Алғашқы жылдары Қазақстанның стартап қауымдастығынан алыс жүргеніңізді білемін. Бірақ қазір оларға қосыла бастадыңыздар. Не өзгерді?
Мақсат: — Шынында біз 2 жыл бойы стартап-кездесулерден алшақ жүрдік, өйткені бұл адамдарды түсінбедік. Қалай алты ай бойы жұмыс істеп, ештеңе таппауға болады?
Содан кейін бізді Бағдат Мусин Astana Hub-тың Pizza Pitch шарасына қатысуға шақырды. Халықаралық технопаркте тағы бірнеше шараға қатыстық.
Кейін IT саласында және стартаптар бас қосатын шараларда ақша таба алатын таныстарымыз бар екенін білдік. Біз олардан ұзақ уақыт бойы стартап-комьюнити туралы біліп отырдық.
Жақында Beksar Most Hub бағдарламасына қатысты. Біз бұл акселераторға қаншалықты пайдалы болатынын түсінбей келдік. Бірақ кейін ол жерден қолданбалы білімді алуға болатыны ұғындық.
Айдын: — Мысалы, біз спринтте жұмыс істеуді үйрендік. Дәстүрлі бизнес үшін бұл, әрине, өте инновациялық тәсіл. Осының арқасында біз бірнеше айдың ішінде көптеген гипотезаны сынадық.
— Өзіңіз тексерген қызықты гипотеза мысалымен бөлісіңізші.
— Мақсат: — Біз көптен бері клиенттерімізге қысқа мерзімді несие бергіміз келді. Бұл біздің компания үшін тамаша құрал, өйткені бірде-бір мемлекеттік орган сауда нүктесі туралы біз сияқты көп білмейді.
Ритейл – бұл тауар сатып алу, айналымды арттыру. Ол үшін ақша қажет. Біз бұл гипотезаны шамамен 6-7 ай талқыладық. Содан кейін 2 ай ішінде краудфандинг платформаларымен және басқа да инвестициялық компаниялармен серіктестік орнаттық. 700 миллион теңге несиеге мұқтаж лид жинадық.
Рас, бұдан бар болғаны 30 миллион теңге бердік, бірақ пилоттық жоба үшін бұл өте жақсы көрсеткіш.
Ал кеше ғана (сұхбат 2023 жылдың 19 қыркүйегінде жазылды – Digital Business ескертпесі) біз Қазақстандағы банктердің бірімен олардың несие және факторинг өнімдерін Beksar-мен біріктіретін боламыз деп келісім жасадық.
Бизнесті кеңейтуге арналған басқа да гипотезаларымыз бар, бірақ олар туралы сәл кейін айтатын боламыз.
Пікірлер 3
Кіру пікір қалдыру үшін
Shyngys True · Қаз. 18, 2023 23:41
Интересно, какой функционал и возможности предоставляет Beksar для торговых точек и насколько успешно это решение уже используется в Казахстане.
Нұрболат Елеш · Қаз. 14, 2023 22:43
удачи
Kirill Grebennikov · Қаз. 14, 2023 20:22
Очень интересный старт, ребят только успехов на их пути