Аңызға айналған Playrix негізін қалаушылары ойын технологиялары саласындағы ынтымақтастықты талқылау үшін Astana Hub-қа келді
Әйгілі ағайынды кәсіпкерлер, бейне-ойындар әлеміндегі жетістіктерімен танылған Playrix компаниясының негізін қалаушылар – Игорь мен Дмитрий Бухман Astana Hub экожүйесімен танысты.
Олардың бейне-ойындар саласындағы жолы 90-шы жылдары ойын мен бағдарламалауға деген қызығушылықтан басталды. Ағайындылар Вологда мемлекеттік университетінде математика мен жүйелік бағдарламалау бойынша білім алды. 2004 жылы Playrix-тің негізін қалап, ойын құрастыра бастады. Тұңғыш Discovera ойыны сатылымның бірінші айында оларға алғашқы 60$ әкелді. Бухмандар сол уақыттан бері тоқтамай, Gardenscapes және Homescapes сияқты көптеген сәтті ойындар шығарды. 2022 жылы Forbes компанияның жылдық кірісін $2,5 миллиардқа бағалады.
Бүгінде Playrix мобильді ойындар әлеміндегі жетекші компаниялардың біріне жатады. Компанияның дүниежүзі бойынша 3000-нан астам қызметкері болса, оның 300-і Astana Hub резиденттері қатарында Қазақстанда орналасқан.
Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев ағайынды кәсіпкерлерге технопаркті аралатып, экскурсия өткізді. Басты жетістіктер мен даму жоспарын айтып, әсіресе, экспорт пен инвестиция тарту мәселелерін әңгімеледі.
Сонымен қатар қонақтар бірқатар болашағы зор стартаптар және Astana Hub басым технологиялық орталығының бірі – Gamedev Center жұмысымен танысты. Gamedev орталығының мақсаты – Қазақстанда Playrix, Mytona және G5 Games сияқты ірі ойын компанияларымен серіктестікте ойын экожүйесін дамыту. Қазіргі уақытта орталықта мобильді ойындарды дамытатын бес инди-команда жұмыс істейді, сондай-ақ оқыту іс-шаралары мен жаңа технологиялар бойынша зерттеулер жүргізіледі.
Пікірлер 1
Кіру пікір қалдыру үшін
Damir Uali · Маусым 23, 2024 01:12
Геймдев расцветает заново