Стартаптар үшін жаңа мүмкіндіктер: Astana Hub пен CoCoon Ignite Ventures меморандумға қол қойды

Astana Hub халықаралық технопаркі Қытай Халық Республикасы (ҚХР) мен Гонконг делегациясын қабылдады. Кездесу халықаралық ынтымақтастықты нығайту және инновациялық жобаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылды.


Сапар бағдарламасы Astana Hub алаңында экскурсия, технопарк қызметі мен жетістіктерінің тұсаукесерін, сондай-ақ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды қамтыды. Іс-шараға 70-тен астам адам қатысты, оның ішінде жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер, технопарк өкілдері, бизнес-қоғамдастық және ҚХР мен Гонконгтан келген инвесторлар бар.

Кездесудегі басты оқиға Гонконгтың CoCoon Ignite Ventures венчурлық қорымен меморандумға қол қою болды. Бұл серіктестік Digital Bridge 2023 аясындағы Google for Startups саммиті алаңында басталған болатын. Меморандум өзара ынтымақтастықты, екі тарап ұйымдастырған іс-шараларға қатысуды, Astana Hub стартаптарына инвестиция ұсынуды, сондай-ақ IT-қызметтер мен өнімдер экспортын ілгерілетуді көздейді. Бұл іс-шара ынтымақтастықты нығайтып, стартаптарды қолдауға жаңа серпін беріп, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі ұстанымдарымызды бекіте түседі.

Естеріңізге салсақ, 2024 жылдың наурыз айында қазақстандық стартаптар CoCoon Ignite Ventures-ке $50 000-нан бастап $100 000 аралығындағы және $500 000-ға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар инвестиция тарту мақсатында өз жобаларын таныстырды. Айта кетейік, қор B2B технологиялары, соның ішінде жасанды интеллект, деректерді талдау, деректерді басқару және сақтау, бағдарламалық қамтамасыз ету мен робототехника саласындағы стартаптарға ерекше қызығушылық танытады.

Cocoon Ignite Ventures туралы

CoCoon Ignite Ventures - B2B-де енді дамып келе жатқан технологиялық стартаптарға инвестиция салатын венчурлық қор. 2012 жылы Гонконгта іске қосылған қор қауымдастықтар мен активі жоқ нарықтарға негізделген, экономикаға тиімді өнімдер мен қызметтер құрастыратын және сататын компанияларға қолдау көрсетеді. Бүгінде қор 15-тен астам жобаға инвестиция құйды.

Astana Hub туралы

Astana Hub –  Орталық Азиядағы ең ірі технопарк, оның қызметі ІТ-бизнес үшін экожүйені құруға және дамытуға, ІТ мамандарын дайындап, стартап жобаларды қолдауға бағытталған. Бүгінгі таңда технопаркте 1500-ге жуық IT-компания тіркелген, оның ішінде 400-ден астамы шетелдіктердің қатысуымен. Оларға бизнесті дамыту және масштабтау бағдарламалары, арнайы салықтық және визалық шарттар, ақпараттық-білім беру, материалдық инфрақұрылым және тағы басқа қолдау көрсетіледі.

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін