ЖАҢА ЦИФРЛЫҚ ЖІБЕК ЖОЛЫ САЛЫНДЫ: Орталық Еуразия TechCrunch Disrupt 2023 көрмесінің төрінде

19-21 қыркүйекте АҚШ-та (Сан-Франциско, Калифорния) өтіп жатқан TechCrunch Disrupt 2023 – ірі халықаралық конференцияда Орталық Еуразия елдері, соның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолия стартаптары үшін жаңа тарихи кезең басталды.


TechCrunch Disrupt алаңында Silkroad Innovation Hub эксклюзивті павильон ұйымдастырып, Кремний алқабы инвесторларының назарына Орталық Еуразияның 14 стартабын ұсынды. Соның ішінде Қазақстаннан 6 стартап – Citix, Cyborgbase, TengriLights, Falcon.ai, Kscooter және Rhinotales.

Сондай-ақ CerebraAI - инсульттің автоматтандырылған диагностикасына арналған нейрорадиология мен жасанды интеллект саласына маманданған қазақстандық стартап TechCrunch Disrupt 2023 аясында әлемдегі ең ірі Startup Battlefield 200 стартап байқауына қатысып жатыр.

«Орталық Еуразия елдері жаңа халықаралық юникорндар легіне айнала алатынына сенімдімін. Шынында да, орасан зор әлеуетімізге қарамастан, біздің стартапшылар жаһандық венчурлық нарықта аз және айтарлықтай қолдау таппай отыр. Өңірдің әлеуетін жаһандық деңгейде жүзеге асыру үшін, ең алдымен, шетелдегі стартаптарымызды барынша қолдап, бірқатар маңызды іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Сондықтан біз Орталық Еуразиядағы стартаптар мен таланттарды тарту және дамыту орталығына айналу үшін Silkroad Innovation Hub құрдық. Бүгінгі таңда жалпы инвестициялық портфелі 26 миллиард доллардан асатын инвесторлар жиналатын TechCrunch Disrupt-те біздің стартапшылар өз жобаларын ұсынып, өңір абыройын асқақтатып жатыр, және бұл тек бастамасы ғана», - деді Әсет Әбдуалиев, Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы және бас директоры.

Орталық Еуразияның зор әлеуетін Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген стартаптар – oblako.me, Wiot, Doki, Zypl.ai, MyID, IMAN, Mohirdev және Workly да дәлелдеп жатыр. Айта кету керек, шарада ұсынылған стартаптардың дені Astana Hub акселерация бағдарламаларының түлектері және қазіргі уақытта жобаларын әлемдік нарықта дамытуда.

TechCrunch Disrupt 2023 аясында «The New Digital Silk Road: From Central Eurasia to Silicon Valley» панельдік сессиясы ұйымдастырылды, оның негізгі спикерлері ретінде Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин, IT Park Uzbekistan атқарушы директоры Абдулахад Кучкаров, IDDA төрағасының міндетін атқарушы Инара Валиева қатысты.

Сарапшылар өңірлер арасындағы технология саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ Қиыр Шығыстан келген саудагерлер ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолын кесіп өтіп, Таяу Шығысқа, Орталық Азия және Еуропаға құнды тауарлар мен идеяларды тасымалдағаны туралы айтылды. Енді оның цифрлық нұсқасы – Silkroad Innovation Hub – Орталық Еуразияның дамып келе жатқан IT және технологиялық экожүйесіндегі кәсіпкерлерді, құрылтайшыларды және стартаптарды байланыстырады.

Кремний алқабындағы Silkroad Innovation Hub жобасының ұйымдастырушылары Орталық Еуразия стартаптарын инновациялық қауымдастыққа қосылуға және перспективалық технологиялық жобаларды құру және дамыту үшін берілген мүмкіндіктерді пайдалануға шақырады. Олар күш біріктіру арқылы алдағы 5-7 жылда жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтуда: 5 юникорн, стартаптарға 300 миллион доллар инвестиция және өңірден IT қызметтерін экспорттауға 1,5 миллиард доллар.

Еске салсақ, Қазақстанда өткен Digital Bridge 2022 форумы аясында түркі елдерінің технопарктері арасында ТМҰ мүше мемлекеттердің инновациялық экожүйесін дамыту бойынша көпжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. 2022 жылдың қарашасында Самарқандта өткен ТМҰ саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Hub базасында Түркі елдерін цифрландыру орталығын құру, сондай-ақ түркі елдері үшін венчурлық қор құру туралы бастама көтерді. Осы бастама аясында 2023 жылғы 20 маусымда ТМҰ мүше мемлекеттердің цифрландыру министрлерінің кездесуі өтіп,  Орталық Еуразия және ТМҰ елдерінің серіктестерінің Silkroad Innovation Hub бағдарламасына қатысу мәселесі талқыланды.


 TechCrunch Disrupt туралы:

TechCrunch Disrupt – технология әлеміндегі соңғы трендтер мен инновацияларды талқылау үшін жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіпкерлерді, инвесторларды және журналистерді біріктіретін стартап қауымдастығы үшін жетекші халықаралық шаралардың бірі. Іс-шара стартаптар үшін әлемдік деңгейде танылатын орынға айналды. Мысалы, Dropbox және Fitbit сияқты табысты компаниялар алдымен TechCrunch Disrupt-те өз инновацияларын ұсынып, содан кейін миллиард долларлық бағаға жеткен юникорнға айналды.


 Silkroad Innovation Hub туралы:

Silkroad Innovation Hub – Орталық Еуразиядан келген құрылтайшылар мен стартаптарды қолдауға арналған Кремний алқабындағы (Пало-Альто, Калифорния, АҚШ) қауымдастық. Оның миссиясы – жаңа цифрлық жібек жолын құру және аймақтың талантын әлемдік аренада жария ету. Silkroad Innovation Hub ресми ашылуы 2023 жылдың 15 қыркүйегінде өтті.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін