Silkway Accelerator-дың бесінші легіне өтінім қабылдау басталды

Astana Hub халықаралық технопаркі Google For Startups-пен әріптестікте ұйымдастырылатын стартаптарды қолдаудың инновациялық бағдарламасы – Silkway Accelerator-дың 5-легі іске қосылғанын хабарлайды. Өтінімдер 24 мамырға дейін қабылданады.


Silkway Accelerator – қатысушыларға өз бизнесін бейімдеп, мақсаттарға жету стратегияларын әзірлеп, қысқа уақытта табысты еселеу мүмкіндігін сыйлайтын офлайн форматтағы 3 айлық қарқынды курс.

Бағдарламаға Орталық Азияның – Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан мен Қырғызстан, сондай-ақ Әзірбайжан, Грузия және Моңғолияның PMF және Scale сатысындағы IT-жобалары қатыса алады.

«Silkway Accelerator іске қосылған 2022 жылдан бері 49 стартап бағдарламаны сәтті аяқтап, бүгінде дамудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Мысалы, акселерация аясында CITIX өз бағасын $30 млн-нан $40 млн-ға дейін арттырып, Түркия мен БАӘ нарығына шықты. Сондай-ақ былтыр желтоқсанда  белгілі инвестор Тим Дрейперден $1 млн инвестиция тартты. Ал Zypl.ai компаниясы қызмет аясын жаңа нарықтарға сәтті кеңейтіп, pre-seed кезеңінде инвесторлар тарапынан компанияның бағалануын $6 млн-нан $10 млн-ға дейін арттырды. Сонымен қатар 12 жетекші жаһандық венчурлық инвестор мен бизнес-періштелер компанияны $1,1 млн-ға қаржыландырды. Барлық стартап тартқан инвестициялардың жалпы көлемі $26 млн-ды құрайды, ал түлектердің жиынтық бағалауы $425.1 млн-ға жетті», - деді Ербол Ахметов, Astana Hub бизнес бағдарламалар офисінің директоры.

Silkway Accelerator шеңберіндегі басым мүмкіндікке инвесторлармен кездесу, венчурлық қорлармен және бизнес-періштелермен байланыс орнату жатады. Бұл стартаптарға инвестицияларға, қаржылық қолдауға, қосымша ресурстар мен сараптамаға жол ашады.

Курс шеңберінде оқыту, шеберлік-сыныптары, воркшоптар, жеке консультациялар, сондай-ақ тиімділікті бақылау үшін трекерлермен жұмыс істеу қарастырылған. Бұдан бөлек табысты бизнестің негізін салған білікті сала мамандары стартаптарды дамыту үшін маркетинг, қаржы, сату және басқа да функционалды салалар бойынша жеке сессиялар өткізеді.

Silkway Accelerator бағдарламасы туралы қосымша ақпарат алу және өтініш беру үшін сілтемеге өтіңіз.

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін

Впечатляет!

Жауап беру