Мұғалім мен бағдарламашы мектеп оқушыларына математиканы үйренуге және одан ақша табуға көмектесетін стартап ойлап тапты

Qalan.kz – математиканы қазақ және орыс тілдерінде оқытуға арналған сервис. Онлайн платформада мектеп оқушылары есептерді AI негізіндегі чат-бот пен мұғалімдердің көмегімен шешеді. Тапсырманы сәтті орындағаны үшін оқушылар ақшалай сыйлық алады. Жоба қазір бірнеше елде жұмыс істейді және 325 мыңнан астам адамды қамтиды. Оны құрастырған – мектеп мұғалімі Асқар Болат пен бағдарламашы Қуаныш Нәбиев. Digital Business және Astana Hub бірлескен «Қазақстанның 100 стартап тарихы» жобасы үшін олар платформаның қалай жұмыс істейтінін, жасанды интеллект не үшін жауап беретінін, өнімнің ерекшелігі неде және оның халықаралық нарықтарға шығу үшін қандай әлеуеті бар екенін айтты.


«Сыныптағы 3-4 оқушы ғана тақырыпты жақсы түсінеді»

Асқар Болат белгілі математик Асқар Жұмаділдаевтың құрметіне есімін берген ата-анасының үмітін ақтап қана қоймай, университетте оқыған «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығын да өмірлік кәсібіне айналдырды. Жігіт кәсіби еңбек жолын қарапайым мектепте мұғалім болып бастап, репетиторлық қызметті қатар алып жүрді.

Аскар Болат

Асқар Болат

«Мектепке жұмысқа барған кезде оқушылардың үнемі бір-бірінен көшіріп жүретінін көрдім. Балалардың көпшілігі пәнді түсінбейді. Ал мұғалімдер әр баланың материалды қаншалықты меңгергеніне мән бермей, жоспар бойынша жұмысын жалғастырады. Сыныптағы 3-4 адам тақырыпты жақсы меңгереді. Қалғаны көшіреді. Ал ҰБТ тапсыруға бір жыл қалғанда олар репититор жалдап, 5-сыныптан бастап бүкіл оқу бағдарламасын «қуып жетуге» тырысады. Көбісі сәтсіз. Өкінішке қарай, проблема жүйеде», – дейді Асқар.

Білімдегі олқылықтар әдетте жоғары сынып оқушыларының көпшілігінде байқалады. Маман мұның себебін төменгі сыныптарда бір мұғалімге үйреніп қалған балалардың кейін әртүрлі пән мұғалімдеріне үйренісе алмауымен байланыстырады. Ата-ана бақылауы да азаяды.

Аскар Болат

«Оқушылар арасындағы жүйелі олқылықтарды қалай жоюға болатынын ойлай бастадым. Өйткені, балалар әр сабақты 100 пайыз түсінсе екен деп армандайтынмын. Педагогикаға қатысты кітаптарды оқып, мамандардан кеңес алып, түрлі әдіс-тәсілдерді қарастыра бастадым. Мақсатым – балаға тақырыпты тез түсінуге көмектесетін жүйе құру болды. Алайда мектеп қабырғасында идеяны жүзеге асыру мүмкін болмады. Сол кезде ойыма IT, педагогика және математиканы онлайн платформада біріктіру идеясы келді», – деп түсіндіреді стартапшы.

«Онлайн-тренажердің мақсаты – оқушыға математиканың негізін қалау»

Бастапқыда Qalan.kz әлеуметтік стартап ретінде ойластырылған. Көп ұзамай Асқардың университеттегі досы – Қуаныш Нәбиев жобаға қосылып, бағдарламалау жағын қолға алды. Платформа 2018 жылдың күзінде іске қосылды.

Куаныш Набиев

Қуаныш Нәбиев

Алдымен Qalan.kz платформасын Асқардың шәкірттері сынақтан өткізді. Порталда тапсырма құрап, сервисті тестіледі.

«Біз математиканы оқытудың бірегей әдістемесін дайындап, оны жетілдірдік. Платформаны әзірлеуге үш жылдай уақыт кетті. Барлық есепті өзіміз жасадық», – дейді Асқар.

Платформаның негізін қалаушылар жобаға білім беру қызметтері нарығында жиі кездесетін «study», «education» және «school» сөздерінсіз қазақша атау іздегенін айтады. Қуаныш Нәбиевтің айтуынша, Qalan сөзі жобаның миссиясын жақсы ашады:

«Абай Құнанбайұлының өлеңіндегі «Сен де бір кірпіш, дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген жолға назар аудардым. Маған бұл жерде «қалан» деген сөздің мағынасы ұнады. Жалпы математикада мықты іргетас құру маңызды. Біздің онлайн тренажеріміздің мақсаты – оқушыға математиканың негізін қалау».

Куаныш Набиев

Айтпақшы, стартап авторларының сөзінше, бұл идея жұмыс істемеуі мүмкін еді. Дегенмен, коронавирус пандемиясы көп көмектесті. Қазақ мектептеріндегі оқу біраз уақыт онлайн форматқа көшті. Ал Асқар мен Қуаныштың жобасы көпшілікке қолжетімді еді. Оны оқушылар мен мұғалімдер байқап, біртіндеп ауқымы кеңейе бастады. Дегенмен, ресурс монетизацияны қажет етті. Сөйтіп жоба жасаушылар қазақстандықтардың ыңғайлы білім беру платформасын пайдаланғаны үшін төлеуге дайын ба екенін анықтауға кірісті.

«Карантин кезінде платформаны 20 мың мектеп оқушысы мен 2 мыңға жуық мұғалім пайдаланды. Порталда «Күніне 40 минут тегін пайдалана аласыз, айына 2 мың теңге төлесеңіз, ешқандай шектеулер жоқ» деген мәтінмен хабарландыру жарияладық. Бастапқыда тек 2 оқушы сатып алды. Тіпті бір бала: «Рахмет Асқар аға, ақылы жазылу пайда болғалы, мұғалімдер бізді қинамайды» деп хабарлама жіберіпті. Содан кейін мұғалімдерге платформаны ай сайын 5 мың теңгеге шектеусіз пайдалануды ұсындық. Бізді бірнеше ұстаз қолдаса да, алғашқы табысымыз небәрі 19 мың теңге болды… Күмән туды. Әлде біз нарыққа сәйкес келмейтін пайдасыз сайт жасадық па? Бұл сабыр сынағы болды», – дейді Асқар.

Qalan

Нарықты зерттегеннен кейін авторлар жобаның кемшіліктерін анықтады. Асқар серіктесіне жеке жаттығу алгоритмін енгізуді ұсынды. Ал мектеп оқушыларын ынталандыру үшін «кэшбэк жүйесін» қосатын болды.

Ақылы жазылым бизнес моделі іске қосылғаннан 3 жылдан кейін кіріс әкеле бастады. Бір қызығы, стартап инвестиция тартпай-ақ өзін-өзі ақтады. Пандемия өткеннен кейін де сатылым өсімі тоқтаған жоқ. 2022 жылдың қаңтарында айлық табыс 10 миллион теңге болса, бір жылдан кейін 100 миллион теңгеге жетті. Қазан айында MRR 300 млн теңгені құрады. Биыл қаңтар-қыркүйек аралығында сервис 2 млрд тг табыс тапты. Маржасы шамамен 40%.

Аскар Болат

Qalan.kz платформасын белсенді пайдаланушылар саны шамамен 325 мың адамға жетті. Олардың бәріне демо-нұсқасы қол жетімді. 11,8 мыңнан астам оқушы ақылы негізде жеке оқыту жүйесінде білім алады. Онда білім диагностикасы, кэшбэк және тәлімгермен онлайн чат бар.

«Жыл басынан бері оқушыларымыз жалпы сомасы шамамен 197 миллион теңге табыс тапты»

Платформаға тіркелмес бұрын балалар өз білім деңгейін анықтау үшін міндетті түрде диагностикадан өтеді. Әрі қарай жүйе оқушының қабілеті мен есептерді шешу жылдамдығын ескере отырып, тапсырмаларды автоматты түрде таңдайды

Бақылау үш жақты: мұғалім, оқушы және оның ата-анасы. Қатесі болса да немесе қосымша есептері шешілмеген болса да тапсырмаларды орындамай қалдыру мүмкін емес. Барлық күнделікті есепті шешкен оқушыға «кэшбэк» опциясы арқылы ақшалай сыйлық беріледі.

Qalan

Жыл басынан бері тапсырманы тыңғылықты орындаған оқушылар жалпы сомасы 197 миллион теңгеге жуық табыс тауыпты. Ал Qalan.kz қолданушыларының күнделікті үй тапсырмасын орындау көрсеткіші 85 пайызға жетті.

Оқыту жүйесі нақты: қарапайымнан күрделіге дейін сан алуан тапсырма, алған білімді бекіту, материалды бекіту. Сөйте тұра платформаның әдістемесі мен технологиясы үнемі жетілдіріледі.

Куаныш Набиев

«Платформада жасанды интеллект негізіндегі чат-бот, аудио байланыс пен онлайн тақтаны іске қостық. Олар бала мен мұғалімнің онлайн қарым-қатынасы үшін қажет. Бот мұғалімдерге хабарламалардың 25%-ына автоматты түрде жауап беруге көмектеседі. Бұл біздің команданың жеке жасақтамасы. Айтпақшы, ол қазақша түсінеді. Біз чатқа жауап беру қызметін, қоңырауларды өңдеуді және оқытуды жекелендіруді одан әрі автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Осылайша, AI әрбір оқушының әлсіз тұсын түсінеді және оған жеке дайындық тапсырмаларын жасайды. Бұл оқушыларды көбірек қамтуға және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – дейді Қуаныш.

«Біз ақшаны ойламай үш жыл бойы зерттеу жүргіздік. Таза ынтамен жұмыс істедік»

Спикерлердің пікірінше, қазір Қазақстанда ата-аналар бала біліміне құятын инвестицияның арту тенденциясы байқалады. Бірақ компаниялар осы бәсекелестік ортаға енуі үшін бірқатар маңызды жайттарды ескеруі қажет

Аскар Болат

«EdTech компанияларының үлкен қателігі – нарыққа тезірек шығуға ұмтылу. Олар сөйтіп қызмет көрсету сапасына, мамандар тобы және тұтынушылардың кері байланысы мәселелеріне тиісті назар аудармайды. Біз қазір жайбарақат жұмысымыздың жемісін көріп жатқанымызды түсінеміз. Ақшаны ойламай үш жыл бойы зерттеу жүргіздік. Таза ынтамен жұмыс істедік. Осы күнге дейін бақылап, зерттеп келеміз. Сол кезде жазған стратегиямызды жүзеге асыруды жалғастырып жатырмыз», – деді Асқар.

Сапалы технологиялық қызмет құрылғаннан кейін барлық күш-жігерді маркетинг пен сатуға жұмсау керек, – деп кеңес береді кәсіпкер мұғалім. Сату бөлімін құру және клиентке түпкілікті шешім қабылдауға көмектесетін тиімді маркетологтарды жалдау кезінде ақша аямау керек.

Сондай-ақ, ісін жаңадан бастап жатқан бизнесмендердің бәсекелестерден артықшылығын түсінуі де маңызды. Мысалы, Qalan.kz платформасы, Асқардың айтуынша, әр түрлі отбасылық табысы бар мектеп оқушылары үшін қолжетімді болуымен ерекше: олар демо-нұсқасын да пайдалана алады және жеке оқытуды да таңдай алады.

Qalan

Сондай-ақ бұл қызмет мұғалім мен оқушының онлайн байланысын қамтамасыз етеді. Оқу материалдарының ауқымы кең және оқушының тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алу үшін тең мүмкіндіктер қарастырылған.

«Келесі жылы мобильді қосымшаны іске қосып, Қырғызстан мен Әзірбайжан нарығына шығуды жоспарлап отырмыз»

Компания қазір басқа нарықтарды зерттеумен, өз командасына кәсіби мамандар тартумен және жаңа өнім әзірлеумен айналысып жатыр. Олар платформадағы «Математика» пәнімен қоса «Ағылшын тілін» оқыту функциясын қосуды жоспарлап отыр. Жобаның тұрақты дамуы үшін қор жасақталады.

Биыл Qalan.kz жаңа нарықтарға – Ресей мен Өзбекстанға шыға бастады. Платформа орыс тіліне аударылып, ТМД елдерінде сервисті сататын серіктес табылды. Astana Hub сияқты салық жеңілдіктері бар Қазан қаласындағы арнайы экономикалық аймақ – «Иннополис» білім қалашығында қазақстандық EdTech компаниясының филиалы бар. Айтпақшы, қазір Qalan пайдаланушыларының үштен бірі орыстілді мектеп оқушылары.

Аскар Болат

«Біздің жоспарымыз бен мақсатымыз көп. Біздің платформа IT технологиялардың көмегімен ресурстарды, энергияны және ақшаны үнемдеуге болатынын дәлелдеді. Жоба уақыт талабына бейімделгендіктен сұранысқа ие. Сервис оқушыларға қолжетімді, икемді және барлық аспектілерде тиімді. Бүгінде ол Қазақстанның болашағы үшін жасалған білім саласының озық үлгісі. Осы жылдың соңына дейін мобильді қосымшаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Келер жылы географиямызды тағы да кеңейтіп, Қырғызстан мен Әзірбайжан нарығына шыққымыз келеді», – деп Асқар жоспарымен бөлісті.

Компания, жоғарыда айтылғандай, өз күшімен өсіп келеді, бірақ инвестициялық бағалау жүргізуге ниетті.

Qalan

«Біз ұқсас посткеңестік менталитет қалыптасқан ТМД нарығына үйреніп қалдық. Бірақ амбициялы жоспарымыз бар. Түркия мен Индонезияға шыққымыз келеді. Менің ойымша, ол жерде қиындықтар болуы мүмкін, бірақ бұл міндетті түрде қызық болады!», – деп түйіндеді стартапшылар.

 https://digitalbusiness.kz/kk/2023-11-13/malm-men-badarlamashi-mektep-oushilarina-matematikani-yrenuge-zhne-odan-asha-tabua-kmektesetn-startap-oylap-tapti/

 

 

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін