Alem Cup 2023 жеңімпаздары Digital Bridge 2023 форумында марапатталады

13 қазанда Digital Bridge 2023 форумы аясында бағдарламалау бойынша Alem Cup 2023 жыл сайынғы чемпионатының финалы өтеді. Жарыстың жүлде қоры - 2,1 миллион теңге. Финалға 3 үздік команда шақырылады.


Alem Cup – кез келген жастағы және тәжірибесі әртүрлі адам қатыса алатын компьютерлік бағдарламалау бойынша онлайн ашық чемпионат. Турнир қатысушылары боттарға арналған жасанды интеллект жасайды, ол компьютерлік ойында басқа ойыншылардың боттарымен бәсекелеседі.

«Alem Cup чемпионаты жастар арасында бағдарламалауды қолдау және дамыту үшін ғана емес, сонымен қатар талантты бағдарламашыларды анықтау, олардың әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беру мақсатында ұйымдастырылып жатыр. Мемлекет басшысы жолдауында қазіргі әлемдегі жасанды интеллектің маңызды рөлін айтып, осы бағытта даму қажет екенін атап өтті. Жасанды интеллект тақырыбы бүгінде қаншалықты өзекті болса, соншалықты күрделі. Соған қарамастан, биылғы жылы турнирге қатысуға 180-нен астам өтінім түсті, бұл бізді қуантады», – дейді Alem School жетекшісі Данабек Қалиаждаров.

Alem Cup үш бөліктен тұрады: Алғашқы кезең, Арена және Финал. Алғашқы кезеңде бағдарламалауды білмесе де, Blocky визуалды бағдарламалау тілінің арқасында кез келген адам қатыса алады. Ал, Аренада тәжірибелі бағдарламашылар командалық жарыста ақшалай жүлдеге таласады. Қатысушылар Python, C++, JS, Go, Pascal, Java, PHP, C, C#, Ruby және Kotlin бағдарламалау тілдерін пайдалана алады.

Арена кезеңіндегі рейтингі жоғары үш команда 13 қазанда Астанада Digital Bridge 2023 форумында өтетін финалға шақыру алады. Турнир жеңімпазы 1 миллион теңге ақшалай сыйлыққа ие болады, екінші және үшінші орын иегерлері тиісінше, 700 мың және 400 мың теңге алады. Алғашқы кезеңінің қатысушыларына есімі жазылған сертификаттар табыс етіледі.

Айта кетейік, 2020 жылдан бері өтіп келе жатқан Alem Cup чемпионатын Astana Hub қолдауымен Alem бағдарламалау мектебі ұйымдастырып жатыр. Alem Cup мақсаты –  жастар арасында бағдарламалауды қолдау және дамыту, сонымен қатар дарынды бағдарламашыларды анықтау және оларға өзін көрсетуге мүмкіндік беру.

Естеріңізге сала кетейік, 12-13 қазан күндері Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуымен Digital Bridge 2023 форумы өтеді. Шара алаңында 20 000+ қатысушы, 300+ IT компания, 100+ инвестор мен бизнес-періште, 250+ спикер және әлемнің 15+ елінен 100+ стартап бас қосады.

Alem – бірін-бірі оқыту принциптеріне негізделген Орталық Азиядағы алғашқы бағдарламалау мектебі. Alem-де оқытушылар немесе қызықсыз лекциялар жоқ, оқыту процесі жобаларға және дарынды студенттердің бір-бірімен қарым-қатынасына негізделген.

Толық ақпаратты https://cup.alem.school сайтында алуға болады.

 

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін