Болашақтың әлеуметтік көшбасшылары: Алматыда Beginit 2025 жобасының қорытындысы шығарылды
Алматы қаласында Қазақстан мен Қырғызстанның өңірлерінен келген жоғары сынып оқушыларына арналған халықаралық Beginit: Leadership for Social Justice білім беру жобасының финалы өтті. Әлеуметтік көшбасшылықты дамытуға бағытталған бұл бастаманы жаһандық inDrive платформасы жүзеге асырып, оған Astana Hub және iQanat білім беру қоры серіктес болды. 2025 жылы жеңімпаздар қатарына Қазақстанның төрт өңірінен - алты, Қырғызстаннан екі оқушы іріктеліп шықты.

Аталған жоба 2024 жылдың қыркүйегінде басталып, 2025 жылдың маусымында аяқталды. Жалпы саны 2222 өтінім қабылданды: оның ішінде 2007-і Қазақстанның 10 өңірінен, ал 215-і Қырғызстанның Шу облысынан келіп түсті. Айта кетерлігі, бұл өңірде жоба алғаш рет іске қосылды.
Бірінші кезеңде Beginit командасы 12 өңірде әлеуметтік көшбасшылыққа арналған воркшоптар өткізді. Нәтижесінде 680 оқушы арнайы әзірленген Leadership for Social Justice онлайн курсына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Курс аясында қатысушылар сын тұрғысынан ойлау, көпшілік алдында сөйлеу, топпен жұмыс және жобалық басқару дағдыларын меңгерді. Оқуды 242 оқушы сәтті аяқтап, олардың арасынан жетпіс адам Алматы маңындағы таулы курортта өткен бес күндік жартылай финалға шақырылды. Мұнда қатысушылар көшбасшылық қабілеттерін тереңдетуге арналған қарқынды тренингтерден өтті. Қазылар алқасының шешімімен 57 қатысушы финалға жолдама алды.
2024 жылы жобаға қатысушылар Қазақстанның алты өңірінде 60 мыңға жуық адамның жүріп-тұру жағдайын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Мысалы, Жамбыл облысындағы Жасөркен ауылында бағдарлама қатысушысы Балаусы Сатымбектің бастамасымен қауіпсіз автобус аялдамасы салынды.
Beginit 2025 финалындағы жеңімпаздар:
1-орын – Шетелге оқу-танымдық саяхатқа арналған $4000 көлеміндегі грант:
– Мәриям Мырзабек, Ақтөбе облысы
– Ильдар Бекишев, Қостанай облысы
2-орын – Компьютер сатып алуға арналған $1500 көлеміндегі cертификаттар:
– Омар Амангелді, Жамбыл облысы
– Таисия Малышева, Шу облысы, Қырғызстан
3-орын – $1000 көлеміндегі сертификаттар:
– Мирей Марлис, Шу облысы, Қырғызстан
– Александра Руцкая, Маңғыстау облысы
Сондай-ақ, 24 қатысушыға inVision U by inDrive инновациялық көшбасшылық университетінің Foundation Year бағдарламасына шақыру ұсынылды. Ол өз кезегінде Алматы қаласында тегін тұру, шәкіртақы, білім беру ресурстарына қолжетімділік және менторлық қолдауды қамтиды. inVision U университетіне кез келген ниет білдіруші ресми сайт арқылы анкета толтырып, өтініш бере алады. Жоба мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қолдауымен жүзеге асырылуда. Қазақстанда серіктестер қатарында — Astana Hub және iQanat қоры, ал Қырғызстанда — Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі мен Bilimkana мектептері бар.
Жоба туралы:
Beginit — Қазақстан мен Қырғызстан өңірлеріндегі жоғары сынып оқушыларына арналған жылдық білім беру бағдарламасы. Жобаның мақсаты — әлеуметтік көшбасшылықты дамыту. Қатысушылар Leadership for Social Justice курсы арқылы көшбасшылық теориясын меңгеріп, сын тұрғысынан ойлау, көпшілік алдында сөйлеу, топпен жұмыс және жобалық басқару дағдыларын дамытады. Ең бастысы — қатысушылар өз қауымдастықтарындағы нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды әзірлеп, жүзеге асырады. Толығырақ: www.beginit.indrive.com
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін