Apple, Google, Microsoft топ-менеджерлері Astana Hub технопаркімен танысты

Astana Hub халықаралық технопаркіне АҚШ трансұлттық және технологиялық компанияларының, соның ішінде Apple, Microsoft, Google, Chevron, ExxonMobil, Boeing, Bechtel, Baker Hughes, Coca Cola, S&P Global, General Electric, GE Healthcare, EPAM Systems, Coursera Honeywell, Valmont Irrigation және т.б. топ-менеджерлері келді.


Делегацияны АҚШ Сауда палатасының вице-президенті Куш Чокси мен Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаев алып келді.

«Бұл АҚШ сауда миссиясының Қазақстанға бірінші сапары. Құрамында жиырмадан астам америкалық компания бар, соның ішінде көбі әлемге әйгілі. Қазақстан – америкалық бизнес қауымдастығы үшін ең шалғай нарықтардың бірі. Соған қарамастан, бұл компаниялардың елімізге келуі қазақстандық нарыққа деген ерекше қызығушылығын көрсетеді. Дипломат ретінде біз екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға ұмтыламыз», - деді Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаев.

ҚР ЦДИАӨМ вице-министрі Асқар Жамбакин және Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев қонақтарға Қазақстанның IT-экожүйесі және технопарк қызметі туралы баяндады.

Сондай-ақ шетелдік қонақтар Astana Hub жанындағы Блокчейн орталығы және Alem мектебімен танысты. Олар технопарктің жоғары әлеуетіне тәнті болып, алдағы уақытта Қазақстан компанияларымен ынтымақтастық орнатуға ықылас танытты.

«Біз Astana Hub-пен Microsoft Startups экожүйесін дамыту бойынша жұмыс істегіміз келеді. Технопарк IT-экономика мен ресурстарын дамытуға ықпал ететін білім саласын дамытуға бастамашы болып отырғаны керемет екен, бұл біздің корпорацияның мақсатына сай келеді» - деді Орталық Еуропа бойынша Microsoft бас директоры Мишель Саймонс.

Делегация назарына технопарк қатысушыларының жобалары - Voiceloft, Kid Security, Black Ice AI, Goat Chat стартаптары ұсынылды.

«Astana Hub-қа әлемдік нарықтың көшбасшылары келгеніне қуаныштымыз. Біз қазірдің өзінде EPAM, Microsoft, Google for Startups компанияларымен белсенді жұмыс істеп жатырмыз және әрқашан жаңа мүмкіндіктер мен серіктестікке дайынбыз. Бүгін біз технопарк қызметі мен коллаборация нәтижесі туралы әңгімелестік, Қазақстанға ғана емес, басқа елдерге де тиімді және қолайлы болуға қауқары бар стартаптарымыз - инновациялық жобаларды таныстырдық», - деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Еске салсақ, Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық технологиялық парктердің бірі. Қазіргі уақытта технопаркте мыңнан астам қатысушы бар. Олар 14 мыңнан астам жұмыс орнын ашты. Astana Hub-тың білім беру бағдарламаларында 20 мыңнан астам адам оқыды және 2 мыңнан астам адам инкубациялық және акселерация бағдарламаларынан өтті.

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін

Где можно ознакомиться с полным списком иностранных участников?

Жауап беру