Go Viral фестивалі аясындағы Pizza Pitch 2023-те үш стартап жеңімпаз атанды

DRAGONFLY, MII Life және TrustContract 23-24 маусымда Rixos Prezident Astana қонақ үйінде Go Viral фестивалі аясында Astana Hub-тың ұйымдастыруымен өткен Pizza Pitch 2023-тің жеңімпаздары атанды. IT-жобасы бар стартапшылар кәсіби сарапшылардан құралған қазылар алқасы алдында өз жұмыстарын қорғау мүмкіндігіне ие болды.


«Pizza Pitch алаңы бұл – стартапшылар үшін питч-дағдыларын жаттықтырып, жемісті нетворкинг құру мүмкіндігі», - деді алғы сөзінде Astana Hub халықаралық технопаркінің директоры Мағжан Мәдиев. 

Pizza Pitch-ке барлығы 8 стартап қатысты. Жобалар әртүрлі: саяхат ұйымдастыру және интерьер дизайнын жасау сервистерінен бастап бірнеше шерту арқылы келісім-шартқа қол қоюға мүмкіндік беретін қосымшаға дейін бар.

Медициналық фототүсірілімдер бойынша жасанды интелектің көмегімен диагноз қоюға мүмкіндік беретін DRAGONFLY жобасы қазылар алқасының қызығушылығын тудырды. Компания басшысы Василий Кимнің айтуынша, модель әзірге қатерлі ісікті анықтауға оқытылған. Зерттеу мәліметтері ашық дереккөзден алыныпты. Қосымшаны әзірлеушілер алгоритмдердің дәлдігін бірлесіп жетілдіру үшін жақын арада Алматыдағы ауруханалардың бірімен серіктестік орнатуды жоспарлап отыр.

 «Жобаның артықшылығы сол, біз қосымшаның архитектурасын AI әуелі ең жиі кездесетін 5 ауруды анықтай алатындай етіп әзірлеп жатырмыз. Қазір ол қан айналымының бұзылуы, мидің метастазасы және түрлі қатерлі ісіктерді анықтайды. Қазір біздің команда бұл модельді ақырындап оқытуды жоспарлап отыр. Сөйтіп, түптің түбінде аурудың барлық түрін анықтайтын жалпы AI жасап шығармақпыз. Себебі, нарықта бар ұқсас өнімдер аурудың бәрін қамтып отырған жоқ. Cerebra, менің білуімше, тек инсультті анықтайды. Біздің жобамыз ойлағанымыздай жүзеге асса, медицина толыққанды AI-көмекшіге ие болады. Медицина саласын мұндай технологиялардың пайда болуы дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, өнімділігін арттырады», - дейді стартапшы Василий Ким. 

Қосымшаны іске қосып, нарыққа тез арада шығу үшін стартапшыға 20 мон теңге керек. Сарапшы Әсел Жүнісова бұл жобаға қызығушылық танытты.

Pizza Pitch-те таныстырылған жобалар қатарында: 

Voiceloft – 110 тіл мен диалекттегі сөзді 10 есе тез, әрі 100 есе арзан танитын жоғары дәлдікті модельді құрастырған компания;  

OFY – IT-мамандарға арналған мансап акселераторы;  

Treeple.kz – саяхаттарды ұйымдастыруға арналған сервис; 

BEKSAR – ритейлді автоматтандыруға арналған қазақстандық софт; 

MII Life – интерьердің дайын дизайн сервисі; 

CrowdStar – бизнес пен стартапқа инвестиция платформасы; 

TrustContract – бұл екі жақтан бір реттік парольді қолдану арқылы бірнеше шертудің көмегімен SmartContracts-қа қол қою SaaS сервисі бар.

Стартаптардың жобасын білікті сарапшылар бағалады, олар: 

Әсел Жүнісова – бизнес-сарапшы, Еуразиялық экономикалық одақ аймағындағы сертификатталған бизнес-трекер; 

Ник Давыдов – Кремний алқабындағы порфелінде 4 unicorn бар  DVC қорының венчурлық серіктесі;

Артем Азевич - Astana Hub пен Google for startups біріккен акселераторлық бағдарламасының жетекші трекері. 

«Әр идея шынымен де белгілі бір мәселені шешеді және олардың бәрі де жаңа шешімдерді енгізуге байланысты. Бір кеңесім, бүгінгі таныстырылған бизнес-модельдер барынша масштабталататын болуы керек, себебі, егер сіз инвестиция тартқыңыз келсе, мейлі ол жеке, венчурлық немесе мемлекеттік болсын, әр инвестор ең әуелі бұл бизнес-модель қаншалықты тез көбейетінін сұрайды. Сондықтан, стартапшыларға масштабты ойлауды тілеймін», - деп атап өтті бизнес-сарапшы Әсел Жүнісова. 

«Стартаптардың дайындығына таң қалдым, олардың бірқатары өте қызық. Кейбірімен кейін сөйлесу үшін байланыс нөмірін алдым. Біз оларға Калифорниядағы венчурлық қор ретінде пайдалы болуымыз мүмкін. Мен үнемі әлемнің біртұтас болғанын қалаймын. Өз тәжірибемнен білетінім, бұл жаңа жолдың, жаңа дәуірдің бастауы», - деді Кремний алқабынан келген қазылар алқасының мүшесі Николай Давыдов әсерімен бөлісе отырып. Ол стартапшыларға амбициялы болуды тіледі.

Артем Азевич те өз пікірін білдірді. Ол питчингтің деңгейі жоғары болғанын атап өтіп, Google for Startups пен Astana Hub-тың біріккен Silkway Accelerator бағдарламасының 4 batch-ына шақырды.

 

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін