Астанада цифрлық инклюзия және трансформация бойынша Азия-Тынық мұхиты министрлер конференциясы өтіп жатыр
Астанада Орталық Азияда бірінші рет цифрлық инклюзия және трансформация бойынша Азия-Тынық мұхиты конференциясы басталды, оны БҰҰ АТМЭӘК цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен стратегиялық ынтымақтастықта ұйымдастырды. Іс-шараға цифрлық даму саласындағы шешім қабылдаушы негізгі тұлғалар, сондай-ақ жетекші IT-компаниялар мен стартаптардың өкілдері қатысуда.
АТМЭӘК ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ АТМЭӘК атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбана сөз сөйледі.
Сонымен қатар, іс-шараға Корея Республикасының Ғылым, Ақпарат және Коммуникациялық Технологиялар Министрлігінің АКТ саясаты жөніндегі вице-министрі Сонг Сан Хун, Арменияның Өнеркәсіп және жоғары технологиялар бірінші вице-министрі Геворг Манташьян, Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігінің бас экономисі Дун Шэнь Гао, Иранның Байланыс және ақпараттық технологиялар вице-министрі Реза Багери, АҚШ Мемлекеттік департаментінің Халықаралық коммуникациялар және ақпараттық саясат жөніндегі үйлестірушісі, Киберкеңістік және цифрлық саясат бюросының өкілі, Вашингтон қаласындағы (Колумбия округі) АҚШ елшісі Стефан Ланг және басқа да қатысушылар қатысты.
Конференцияның мақсаты – цифрлық теңсіздікті жою, цифрлық байланысты нығайту, цифрлық дағдылар бойынша сапалы білім беру және цифрлық ортада сенімділік пен қауіпсіздікті арттыру арқылы Азия-Тынық мұхиты аймағында инклюзивті цифрлық экономикалар мен қоғамдарды ілгерілету, сондай-ақ цифрлық ынтымақтастықты дамыту.
Конференцияда аймақтың Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуді жеделдетуге бағытталған цифрлық инклюзия және трансформация мәселелері қарастырылады.
БҰҰ АТМЭӘК – Біріккен Ұлттар Ұйымының бес аймақтық комиссияларының бірі және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы инклюзивті үкіметаралық платформа болып табылады. Комиссия тұрақты даму проблемаларына шешім табу үшін 53 мүше мемлекет пен 9 ассоциацияланған мүшелер арасындағы ынтымақтастықты жеңілдетеді.
Конференцияны Қазақстанда өткізу елдің цифрлық технологиялар саласындағы көшбасшылығын көрсетеді және халықаралық инвестициялар мен серіктестіктерді тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Қазақстан цифрландыру саласындағы жетістіктерін көрсетеді, бұл IT-экспорттың дамуына және елдің экономикалық өсуін нығайтуға ықпал етеді. Бұл сондай-ақ тәжірибе алмасу және бүкіл әлемнен келген цифрлық сарапшылар алдында жас технологиялық жобалар мен стартаптарды таныстыру үшін тамаша алаң.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы халыққа Жолдауында Қазақстанды IT-елге айналдыру стратегиялық маңызды міндет екенін атап, цифрландыру саласындағы жетістіктер мен отандық IT-саланың экспорт көлемін атап өтті. Үкіметке IT-қызметтер экспортын 2026 жылға қарай бір миллиард долларға дейін жеткізу міндеті қойылды.
Конференция барысында БҰҰ мүшелері болып табылатын елдер арасында цифрлық технологиялар саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды меморандумдар мен келісімдерге қол қойылады деп күтілуде. Негізгі нәтижелердің бірі – аймақтағы цифрлық трансформацияны жеделдету бойынша келесі қадамдарды анықтайтын Астана министрлік декларациясын қабылдау болады.
Сонымен қатар, Конференция аясында Қазақстанның цифрландыру министрі Жаслан Мәдиевтің 20-дан астам елдің цифрлық министрліктерінің өкілдерімен ынтымақтастықты дамыту үшін кездесулері жоспарлануда.
Айта кету керек, цифрлық инклюзия және трансформация бойынша Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы алғаш рет теңізге шыға алмайтын, бірақ стратегиялық орналасуы және цифрлық технологиялар мен инновациялардың жоғары деңгейі бар Қазақстанда өткізілуде. Қазақстанда АТМЭӘК конференциясын өткізу туралы ұсыныс 79-шы сессияда барлық мүше мемлекеттер тарапынан бірауыздан қолдау тапты, бұл елдің цифрлық технологиялар мен тұрақты дамуды ілгерілетудегі маңызды рөлін көрсетеді.
Дереккөз: ҚР ЦДИАӨМ
Пікірлер 2
Кіру пікір қалдыру үшін
Lain Iwakura · Қыр. 17, 2024 15:05
👍🔥
Laura Meir · Қыр. 15, 2024 18:28
👍