Семей қаласында Abai IT-Valley технологиялық кластерінің ресми ашылуы өтті
Abai IT-Valley - бұл өңірлік IT-қоғамдастық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы әзірлемелерді оқытуға, өзара серіктестік орнатуға және тың идеяларды жүзеге асыруға арналған алаң.
Іс-шара кезінде заманауи коворкингке, соңғы буынның техникасымен жабдықталған оқу аудиторияларына шолу экскурсиясы жүргізілді. Қонақтарға Abai IT-Valley резиденттері әзірлеп жатқан жобалар таныстырылды. Бұл виртуалды 3D-зертхана, балабақшаларға арналған ұсақ моториканы дамытатын 3D-ойыншықтар, NFT-кроссовкалар, агромайнинг және басқалар.
Ерсұлтан Ерманов, ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту департаментінің директоры Семейде технопарктің ашылуы – мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының жарқын мысалы, қалған өңірлер үшін жақсы мысал екенін атап өтті.
«Мұндай IT-хабтар инновациялық дамудың негізгі құрылымы бола отырып, өңірлер үшін өте маңызды. Олар дарынды балаларды тартуы тиіс. Министрлік өңірлік хабтарды қолдау бағдарламасын іске қосып, осы бағыттағы дамуға барынша жәрдемдесуге дайын», - деп атап өтті Ерсұлтан Ерманов.
Жақын арада Abai IT-Valley кластерінің базасында инвестициялардың корпоративтік қорын құру көзделіп отыр, оның ресурстары өңірдің перспективті стартап-жобаларын дамытуға бағытталатын болады.
«Қазіргі уақытта өңірлерде IT саласын дамыту бойынша маңызды міндет тұр. Осындай кластерлерді құру бұл жұмысты жандандырады. Енді осы өңірдің IT-мамандары үшін IT-құралдарымен жұмыс істейтін, тәжірибе алмасатын, білім алатын алаң бар. Ал стартаптар өздерінің инновациялық идеялары мен жобаларын жүзеге асыра алады. Болашақта бұл стартаптар IT-мамандар үшін жұмыс орындарын құрып, сол арқылы жас ұрпақ аймақта қалып, олар үшін қызықты жобалармен жұмыс істей алады. Astana Hub оларға осы жолда, соның ішінде стартаптарды дамыту бағдарламалары мен мемлекеттік қолдау шаралары арқылы көмектесуге дайын», - деп атап өтті Абай Әбсамет, Astana Hub басқарушы директоры.
Жоба Alikhan Bokeikhan University базасында, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің, ҚР Ұлттық Банкінің төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қолдауымен құрылды.
Abai IT-Valley техникалық ашылуы осы жылдың сәуір айында өткен. Осы уақыт ішінде кластер Astana Hub технопаркінің қатысушысы ретінде тіркеліп, алдағы уақытта Tech Orda бағдарламасына қатысу үшін бірқатар авторлық және серіктестік оқыту курстарын іске қосты. Сондай-ақ, мұнда Abai IT-Valley резиденттері ұсынған ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы өзекті және перспективалы жобаларды іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жобалар клиенттер арасында қызығушылық тудыруда - агромайнинг жобасы (аграрлық-жылыжай кешенінің, блокчейн-технологиялар мен жасыл энергетиканың симбиозы) халықаралық деңгейге шықты. АҚШ-тан инвестор Абай облысы аудандарының бірінде іске асырылатын пилоттық жобаны қаржыландыруға қызығушылық білдірді.
Шолу экскурсиясынан кейін IT-саласын дамытудың өзекті мәселелерін және Abai IT-Valley қызметі шеңберіндегі әлеуетті ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланған дөңгелек үстел өтті. Оған BTS Education, QazInnovations компанияларының, ҚР ҰБ төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығының басшылығы, жергілікті атқарушы органдардың, қалалық мәслихаттың өкілдері және басқалар қатысты.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін