Астанада өткен IT-мектептер көрмесі: Tech Orda гранты аясында қандай курстар қолжетімді

Astana Hub алаңында көрме ұйымдастырылып, мұнда елордалық 24 IT-мектеп – Tech Orda бағдарламасының қатысушылары өз қызметтерін таныстырды. 100-ден астам әлеуетті студент осы воркшопқа қатысып, бағдарламаның курстары және бағыттары жайлы егжей-тегжей мағлұмат алды.


Биыл Tech Orda бағдарламасы аясында IT-мамандарды даярлайтын 77 қазақстандық IT-мектеп аккредиттеуден өтіп, 169 түрлі курс ұсынылды.

Бағдарлама IT-саласының өзекті бағыттарын қамтиды: веб-бағдарлама әзірлеу, 3D-дизайн мен 3D AR/VR қосымшалар, бағдарламалық қамтамасыз ету, киберқауіпсіздік пен IoT, жасанды интеллект пен алгоритмдері, мобильді қосымшалар жасау, Big Data және GameDev.

«Tech Orda-ға былтырдан бері қызықтым. Бағдарлама жайлы ағамнан естідім. Ол осы оқытуға қатысып, Java бағытын меңгеріп алды. Биыл 18 жасқа толып, мен де бірден өтінім беруге бел будым. Golang бағдарламалау тіліне ықыласым жоғары. Кәсіби шыңдалу үшін нақты бағдарламалау ортасына мамандануды жоспарлап отырмын», – деді Ерасыл Қайыржан, IT-мектептер көрмесіне қатысушы.     

Іс-шарада ақпараттық технологиялар саласындағы бағытты таңдауға қатысты сараптамалық пікірлерге ден қойылды. Қатысушылар жетекші мамандардан пайдалы кеңестер мен ұсыныстар алды. Осылайша, сан түрлі IT-курс пен бағдарламаны терең түсінуге ықпал етті.

«Tech Orda бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Бізде ынталы әрі жігерлі қазақстандықтардың өз өмірлерінде ауқымды өзгерістер жасағаны жайлы көптеген жарқын мысал бар. Олар қысқа уақытта IT-саласындағы мамандықты игеріп, мүлдем басқа әлеуетті ашты. Бағдарламаға қатысуға ниетті Қазақстанның 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматы өтінім беріп, бір немесе бірнеше мектептің 5 аккредиттелген курсын таңдай алады. Бірнеше мектептен грант алған жағдайда үміткерге бір курсты таңдау қажет болады», – деді Анарбек Өтеғұлов, Astana Hub қаржыландыру офисінің директоры.

Аталмыш көрме Алматы қаласында да өтті, онда 26 IT-мектеп өз курстарын ұсынып, қатысушылардың – әлеуетті студенттердің сұрақтарына жауап берді. Іс-шара аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мұнда IT-мектеп өкілдері IT-білім беру саласындағы заманауи трендтер мен сын-қатерлерді талқылап, өзара тәжірибе алмасты.

Естеріңізге салсақ, Astana Hub базасында ҚР ЦДИАӨМ бастамасы аясында іске асырылып жатқан Tech Orda бағдарламасы қазақстандықтарға IT-мамандықтарды тегін игеру мүмкіндігін ұсынады. Өтінімдер 31 шілдеге дейін astanahub.com платформасында қабылданады.

Пікірлер 4

Кіру пікір қалдыру үшін

🔥🔥🔥

Жауап беру

Самый лучший проект! Спасибо за такую возможность!

Жауап беру

К сожалению, не успел подать заявку

Жауап беру