Жаслан Мәдиев Армения Президенті Ваагн Хачатурянды Astana Hub инновациялық экожүйесімен таныстырды

Армения Президенті Ваагн Хачатурян Қазақстанға ресми сапары барысында Astana Hub халықаралық технопаркіне барды. Президентті Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Мәдиев Жаслан қарсы алып, Astana Hub технопаркінің цифрлық инфрақұрылымымен таныстырды.


Ең маңызды оқиғалардың бірі - Astana Hub пен Tumo Ventures арасында серіктестік жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Бұл құжат Қазақстандағы Жасанды интеллект ұлттық орталығының базасында TUMO шығармашылық технологиялар мектебін құру үшін стратегиялық серіктестікті көздейді. Келісімге Tumo Ventures Бас директоры Пегор Папазян мен Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев қол қойды.

2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ел Президенті жариялаған Астанадағы Жасанды интеллект ұлттық орталығы елдің цифрлық экономикасын дамытуда басты элементтердің бірі болады. Орталық мектеп оқушылары, студенттер, зерттеушілер және кәсіпкерлер үшін ашық болады, ал оның басты жобаларының бірі – орта және жоғарғы сынып оқушыларына арналған шығармашылық технологиялар мен жасанды интеллект мектебі болмақ. Осы мектепті құру үшін стратегиялық серіктес ретінде IT және креативті технологиялар саласындағы инновациялық білім беру бағдарламаларымен танымал Tumo Ventures таңдалды.

Сапар барысында цифрлық даму министрі Мәдиев Жаслан мен Ваагн Хачатурян Astana Hub инновациялық экожүйесімен танысты, ол Орталық Азиядағы ең ірі технопарк болып табылады, IT-экожүйені белсенді дамытады, стартаптарды қолдайды және жоғары білікті мамандарды даярлайды. Қазіргі уақытта технопарк 1500-ден астам IT-компанияны біріктіреді, олардың 400-ден астамы – шетелдік қатысумен. Astana Hub қатысушылары бизнесті масштабтау бағдарламалары, салықтық және визалық жеңілдіктер, білім беру ресурстарына және заманауи инфрақұрылымға қол жеткізу сияқты кең ауқымды мүмкіндіктер мен артықшылықтарды пайдалана алады.

Astana Hub қатысушылары арасында бірнеше армениялық компаниялар бар, олардың ішінде: AI DIAGNOSTIC – медициналық КТ/МРТ суреттеріндегі патологияларды анықтауға арналған жасанды интеллект бағдарламалық өнімдерін әзірлеу және енгізумен айналысады; Gen2B – түрлі онлайн-арналарға арналған жеке коммуникацияға бағытталған AI негізіндегі Gen2Chat чат-ботын жасаушы; AI bot solutions Ltd – ауруларды диагностикалау және алдын алу мақсатындағы «Электронды дәрігер» жобасын жүзеге асыруда.

2018 жылы құрылған сәттен бастап, технопарк қатысушылары $819 миллион IT-экспортты қамтамасыз етіп, ₸274,6 миллиард көлемінде инвестиция тартты, 28 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, ₸1,1 триллион жалпы кіріске қол жеткізді.

Армения Президентіне Astana Hub резиденттері – инновациялық шешімдер мен жаһандық ауқымды көрсететін жетекші қазақстандық стартаптар таныстырылды: CodiPlay – геймификация арқылы мектеп оқушыларына программалауды үйрететін платформа, Alaqan – алақан тамырларын тану арқылы байланыссыз төлем жүйесі, ArlanBiotech – AI негізінде наноденелер әзірлеу технологиясы, Higgsfield AI – жасанды интеллект көмегімен бейне жасау платформасы, және OGames – Car Parking Multiplayer жобасымен танымал мобильді ойындар әзірлеушісі. Сондай-ақ 46 елдің 750 қаласында жұмыс істейтін көлік және қалалық қызметтерге арналған ғаламдық платформа – inDrive IT компаниясы таныстырылды.

Анықтама үшін:

«Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі» корпоративтік қоры (бұдан әрі – Astana Hub) Орталық Азиядағы ең ірі IT-технопарк болып табылады. Astana Hub қызметі IT-бизнесті қолдау экожүйесін қалыптастыруға, IT-таланттарды дайындауға және стартап жобаларды дамытуға бағытталған.

TUMO шығармашылық технологиялар орталығы – бұл жасөспірімдерге өз оқуын өз бетімен басқаруға мүмкіндік беретін тегін білім беру бағдарламасы. Бағдарлама өзіндік оқу іс-шараларынан, мастер-кластардан және жобалық зертханалардан тұрады, олар оқытудың 15 негізгі бағытына бағытталған.

TUMO орталықтары Арменияның келесі қалаларында орналасқан:

  • Ереван
  • Дилижан
  • Гюмри
  • Степанакерт

Арменияның 19 қаласында 19 TUMO Box жұмыс істейді.

 

Сонымен қатар, TUMO орталықтары әлемнің келесі қалаларында орналасқан:

  • Париж
  • Бейрут
  • Тирана
  • Берлин
  • Цюрих
  • Мангейм
  • Коимбра
  • Киев
  • Лион

 

TUMO бағдарламасы 15 оқу бағытының айналасында ұйымдастырылған, бұл жасөспірімдерге олардың қызығушылықтары мен қажеттіліктеріне сәйкес жеке оқу траекторияларын құруға мүмкіндік береді:

  • Анимация
  • Ойын әзірлеу
  • Кинематография
  • Веб-әзірлеу
  • Музыка
  • Жазу
  • Сурет салу
  • Графикалық дизайн
  • 3D-модельдеу
  • Программалау
  • Робототехника
  • Моушн-дизайн
  • Фотография
  • Жаңа медиа
  • Генеративті жасанды интеллект.

 

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін