Astana Hub ICT WEEK UZBEKISTAN 2022 көрмесіне қатысты
24-28 қазан аралығында Өзбекстанның Самарқан қаласында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар апталығы — Ictweek UZBEKISTAN 2022 өтті. Astana Hub халықаралық технопаркі Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусин басқарған қазақстандық делегацияның құрамына кірді.
Astana Hub интерактивті стендінде технопарктің өзінен басқа Сerebra, Parqour, Tastamat, Сергек, BMG сияқты қазақстандық стартаптар мен IT-компаниялар өз қызметтерімен көпшілікті таныстырды. Көрменің екінші күні Astana Hub стендіне қонақ ретінде: Өзбекстан Республикасының Ақпараттық технологиялар және коммуникацияларды дамыту министрі Шерзод Шерматов, Қырғыз Республикасының цифрлық даму министрінің орынбасары Замирбек Қожомұратов, Әзірбайжан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет және әлеуметтік инновациялар мемлекеттік агенттігінің ("Asan қызметі") төрағасы Ульви Мехтиев, Әзірбайжан Республикасы цифрлық даму және көлік министрінің орынбасары Ровшан Рустамов, Түркия Республикасының көлік және инфрақұрылым министрінің орынбасары Омер Фатих Саян, Түркия Республикасы Президенті жанындағы цифрлық трансформация басқармасының (DTO) өкілі Шайма Өзқан ханым және Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин келіп кетті. Олар Өзбекстанда жұмыс істеп жатқан немесе жоспарлап жүрген қазақстандық стартаптармен танысты.
"Жалпы, бізде бір идея бар — Орталық Азияны IT-аутсорсинг және IT-стартаптар бойынша бірыңғай өңір ретінде таныстыру", — деп атап өтті министр Бағдат Мусин.
Көрменің бірінші күні, Astana Hub басшысы Мағжан Мәдиев Digital Eurasia форумында Astana Hub инновациялық экожүйесі туралы айтып, "IT-қызметтер экспортының көлемін ұлғайту мақсатында ТМҰ технопарктерін интеграциялау" атты панельдік сессиясына қатысты.
Түркі Мемлекеттері Ұйымына мүше мемлекеттердің технопарктері Қазақстандағы Digital Bridge 2022 шеңберінде 2022 жылғы 28 қыркүйекте қол қойылған меморандумда көзделген ынтымақтастықты талқылауды жалғастырды.
ТМҰ елдерінің технопарктері IT-қызметтер экспортының көлемін бірлесіп арттыруды жалғастыруды, бірлескен акселерациялық бағдарламаларды іске асырып, сондай-ақ АҚШ-тағы Кремний алқабында бірлескен стартап-хаусты іске қосуды жоспарлап отыр.
"Менің ойымша, бізде бірқатар бағыттар бойынша берік прогресс бар. Біз қазірдің өзінде акселерацияның бірлескен бағдарламаларын іске қосу туралы, сондай-ақ АҚШ - тағы Кремний алқабында бірлескен стартап-хаусты іске қосу туралы уағдаласып жатырмыз", - деп атап өтті Astana Hub басшысы Мағжан Мәдиев.
Қазіргі уақытта Сергек пен Parqour Өзбекстан нарығында ұсынылған. Наманган қаласының өзінде 28 "СЕРГЕК" кешені орнатылған. Өз кезегінде Parqour 4 кәсіптік кешенде орнатылған. Айына жүйе арқылы 50 мыңнан астам машина өтеді.
Көрме барысында технопарк өкілдері Astana Hub резиденттік және акселерация бағдарламалары мәселелері бойынша 1000-ға жуық адамға кеңес берді.
Көрме тәжірибе алмасу және заманауи технологиялар мен инновациялардың жетістіктерін көрсету үшін алаң құру мақсатында өткізілді. Іс-шара Өзбекстан Республикасының ақпараттық технологиялар және коммуникацияларды дамыту министрлігінің қолдауымен өтті. ICTWEEK Uzbekistan ұйымдастырушысы - AVANTAGE EVENT AGENCY.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін