Astana Hub және Google for Startups акселераторынан өткен IT-стартаптар табыстарын арттырып, жаңа нарықтарға шықты

Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінде Google for Startups-пен бірлескен Silkway Accelerator бағдарламасының екінші легіне қатысқан ІТ-стартаптардың көрсеткіші қорытындыланды. 15 стартаптың 12-сі үш айда қарқынды дамып, бағдарламадан сәтті өтті. Тіпті қазақстандық стартап-қатысушылардың бірі unicorn (табысы $1 млрд асатын компания) болуға дайындалып жатыр.


«Silkway Accelerator жобасының екінші кезеңі сәтті аяқталды. Стартаптар үлкен жұмыс атқарды: бизнес-жоспарлары мен экспорт нарығын қайта қарастырып, жаңа клиенттермен келісім-шарттар жасады, аудитория кеңейіп, кірістері өсті. Бағдарламаның оң нәтижесі оның тиімділігін көрсетеді», - дейді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Biometric  биометриялық деректерді тексеретін диджитал онбординг және KYC сервисінің айлық табысы 2 миллионнан 23 миллион теңгеге дейін өсті.

Деменцияның бастапқы белгілері мен қаупін анықтайтын нейрокогнитивті сынаққа негізделген myMind виртуалды клиникасы Қазақстанның ең ірі клиникалық-диагностикалық зертханасымен келісім-шарт жасасты, Қырғызстанның нарығына шықты, талдауларға түсініктеме беретін жаңа өнім, сондай-ақ офлайн-өнім жасап, екі дәріханалар желісі арқылы тарату келісіміне қол жеткізді.

Дүкендер мен мейрамханаларға «сағаттық қызметкерлер» ұсынатын EasyTap онлайн сервисінің құны 4 миллионнан 15 миллион теңгеге артты, ал стартаптың айлық табысы $20 мыңнан $40 мыңға өсті. Сонымен қатар компания штатының  19-дан 9 адамға қысқарғанына қарамастан, тиімділігі артып, 14 жаңа серіктес қосылды, ал қызмет көрсету маржасы 5%-дан 15%-ға дейін өсті, ал қолданбаларды пайдаланушылар саны нөлдік маркетингтік бюджетпен 5500-ден 10000-ға дейін өсті.

«Мен бірінші рет екі батчты бірінен соң бірін дайындадым, расын айтсам, оңай тиген жоқ. Жобаны бастап, сәтті жүзеге асырған бүкіл акселератор командасына және министрлікке алғыс айтамын. Барлық стартаптар мен құрылтайшыларға сәттілік тілеймін. Көп еңбек етіп, үлкен жолға түстіңіздер.  Жақсы нәтижелер мен жетістіктер тілеймін. Іске сәт!», - деді Әлішер Хасанов, Silkway Accelerator жүргізушісі, өнімдерді, қызметтерді және компанияларды әзірлеу, дамыту және нарыққа шығару бойынша халықаралық кеңесші.

Акселератор аясында Neuron Oil бағдарламалық кешенінің негізін қалаушылар сату циклін 18 айдан 3 айға дейін қысқартты, $50  мыңға алдын ала келісім жасасты, сәтті жүзеге асса, $450 мыңға негізгі шарт жасалады.

Гүл өнімдерін сатып алушылар мен сатушыларды байланыстыратын Floboom онлайн платформасы акселератор кезінде АҚШ-та заңды тұлға құрып, Нью-Йорктегі алғашқы флористерді қосты, өнімді жергілікті нарыққа шығарды.

Тұтынушыны тұрақтандыру қызметі Flowsell.me клиенттердің кетуін 8%-дан 4%-ға дейін төмендетті және сатылымдарды 30%-ға арттырды.

InStroy құрылыс-жөндеу сауда алаңы 3 млн теңгеге алғашқы сатылым жасап, тауар айналымын 30 млн теңгеге өсірді.

Акселератор кезінде «Давай сходим» компаниясы табысын едәуір арттырып, акселератордың 3 айында 141 миллион теңге пайда тапты, ал алдыңғы 8 айда табысы небәрі 170 миллион теңге болатын. Компанияның билет сату қызметі ай сайынғы тұрақты табысын 15 миллионнан 50 миллион теңгеге дейін арттырып, ал медиакеңістіктен түскен табыс 30 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін өсті.

«Бұған дейін біз акселерация бағдарламаларына қатысқан жоқпыз, сондықтан біздің компания нені жақсарту керек және қалай кеңейту қажет деген талқылаулар болады деп ойладық. Бірақ тіпті басқаша болды, ең бастысы – сананы өзгерту керек екен. Жүргізуші Әлішер ойымызды өзгерту арқылы бізге жақсы әсер етті, біздің жаңаша көзқарасымыз  өнімдерімізге оң әсерін тигізді. Дүниеге және біздің өнімге деген ойымыз бен көзқарасымыздың өзгеруі біздің бүкіл өмірімізді жақсы арнаға бұрады деп ойлаймыз.  Біздің акселератордан алған тәжірибеміз осындай. Жалпы, біз unicorn-ға айналмақпыз», - деді акселерациядан алған әсерімен бөліскен «Давай сходим» директоры Әлішер Тойгулиев.

Silkway Accelerator бағдарламасына қазақстандық стартаптар ғана қатысқан жоқ. Өзбекстандық Avlo.shop шағын және орта бизнеске арналған интернет-дүкендерді құруға көмектесетін SaaS платформасы бизнес үлгісін өзгертті, ай сайынғы кірісті $570-тен $3 мыңға дейін арттырды, сонымен қатар ірі шарттар бойынша келіссөздер жүргізе бастады.

Тәжікстандық необанк Planet9 стартапының сатылымы 0-ден $70 мыңға дейін өсті. Компания жаңа нарыққа шығу жұмыстарын бастады және жаңа келісімшарттарға қол қойды.

Моңғолдық Metaver микрооқыту платформасы Silkway Accelerator кезінде Үндістан нарығына шықты. $400 жұмсап, жалпы сомасы $3200-ға 800 сатылымға қол жеткізді. Акселераторға дейін стартап Филиппин нарығында бақ сынап көрген еді, алайда $8 мың жұмсағанымен, бір сатылым да болмаған.

Әзербайжандық Metatesk білім беру платформасының айлық табысы $4 мыңнан $18 мыңға, студенттер саны 200-ден 260-қа өсті, сондай-ақ қытайлық нарыққа шықты.

«Бұл бағдарламаға қатысу біз үшін керемет тәжірибе болды. Мен барлығына осы акселеторға қатысуға кеңес беремін, бұл өнімді әзірлеуден бастап басқару кезеңіне дейін түрлі тақырыптарды қамтып, жұмыс тәжірибесін жинаудың бірегей мүмкіндігі. Қытайдағы сату көлемін ұлғайтумен қатар, біз АҚШ пен Африкаға шығуды көздеп отырмыз», - деп өз жоспарымен бөлісті Metatesk директоры Гюнай Иманзада.

Silkway Accelerator бағдарламасының екінші легі биыл 2 қыркүйекте басталып, оқыту бірінші легіндегідей Астанада офлайн тәртіпте өтті және үш айға созылды. Акселератор қатысушылары тәлімгерлікпен қатар, Astana Hub маңында тегін баспана мен жұмыс орнына ие болып, Seed Money бағдарламасы бойынша $55 мыңға дейін қаржыландыруға мүмкіндік алды.

Еске салайық, биыл ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен Astana Hub Google for Startups бағдарламасының Орталық Азиядағы бірінші серіктесі болды. Биылдың өзінде бағдарламаның екі легі сәтті аяқталды. Оған Орталық Азия елдерінен, сондай-ақ Әзірбайжан мен Моңғолиядан стартаптар қатысты.

Google for Startups  - 2011 жылы Google корпорациясы іске қосқан стартап бағдарламасы. Ол 125 елдегі 50-ден астам коворкинг пен акселератордан тұрады және бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін практикалық сабақтар ұсынады. 

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін