Қазақстан Орталық Еуразияның IT-қауымдастығын біріктіріп, әлемнің IT-астанасына жол ашып жатыр

Отандық және шетелдік стартаптар инвестиция мен серіктес табу үшін екінші рет 25 аптаға АҚШ-қа аттана алады. Мұндай мүмкіндікті оларға ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ЦДИФӨМ жанындағы Дүниежүзілік банкі жобаларды басқару тобының қолдауымен және Draper University-мен серіктесіп Astana Hub халықаралық технопаркі ұсынып отыр.


Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Моңғолия, Әзірбайжан, Түркия және Грузия елдерінің IT-компаниялары осы жылдың күзінде Кремний алқабына бару мүмкіндігіне ие.

Hero Training эксклюзивті акселерациялық бағдарламасы технологиялық компанияларға жылдам әлемдік нарыққа шығуға көмектеседі. Бағдарламаға қатысу үшін 6 тамызға дейін өтініш беру керек. Іріктеу кезінде қатысушылар жіті тексеруден өтеді, себебі орын саны шектеулі.

Бағдарлама екі блоктан тұрады. Әуелі трекерлер 80 жобаны екі апталық онлайн пре-акселерацияға іріктеп алады. Солардың арасынан болашағы бар 15 компания Калифорния штатындағы Кремний алқабына офлайн оқуға жол тартады. Оқу бағдарламасын аяқтаған соң стартаптар Draper University мен Орталық Евразия технологиялық стартаптарының өкілдігі –  Silkroad Innovation Hub-тың  инфрақұрылымын пайдалана алады.

Осы жылдың мамырында Калифорнияға аттанған алғашқы 15 стартап оқуды аяқтап, қазір тәжірибелі технологиялық кәсіпкерлер мен Draper экожүйесінің сарапшыларының жетекшілігімен инвестиция тарту және АҚШ нарығына шығу жұмысын жүргізіп жатыр.

“Бағдарлама өте сауатты құрастырылған. Кремний алқабындағы бес апталық офлайн акселерациядан кейін Қазақстан нарығы біз үшін тарылды. Стартапты бастаған кезден  оны АҚШ нарығына масштабтауға тырыстым. Astana Hub пен Hero Training арқасында мақсатымызға бір табан жақындадық.  Бағдарлама психикалық және физикалық тұрғыдан өте қарқынды, сондықтан бір фокусты сақтау қиын. Бұл бәріміздің тұлғалық дамуымызға әсер кеткен тәжірибе болды. Жақын арада АҚШ-тағы инвесторлармен және серіктестермен кездесіп, сөйлесеміз”, – дейді Connected Home компаниясының бас директоры Мұхтар Қуанышбайұлы.

Hero Training қатысушылары Калифорния штатында болған кезде жаңа инвестициялық раундтарды тартуға және әлемнің tech-астанасы жүрегінде стратегиялық серіктестік орнатуға көмектесетін сапалы нетворкинг құрып, оны жетілдіре алады.

 

“Hero Training маған көп тәжірибе берді, ішімде бұғып жатқан зор әлеует пен талантымды танытуға көмектесті. Алдымызда не күтіп тұрғанын ешкім білмеді. Бағдарлама өте жан-жақты, компаниялардың шығармашылық деңгейі жоғары. Біз Кремний алқабына жаңа серіктестер табамыз деп әдейі бардық. Tech Week 2023-ке қатыстық, VC-мен, фандрейзинг жасаған компаниялармен сөйлестік. Тим Дрейпердің өзі бізге қызығушылық білдірді. Жалпы айтқанда, АҚШ нарығында дамитын нақты жоспарымыз пайда болды”, – дейді CITIX компаниясының бас атқарушы директоры Яна Шойбекова.

Astana Hub-тың Silkway Accelerator, Scalerator секілді акселерациялық бағдарламаларының, сонымен қатар Hero Training-тің бірінші лек түлектері екінші лекке іріктеу процесінде артықшылыққа ие болады. Толық ақпаратпен танысып, өтініш беру үшін https://astanahub.com/ru/l/hero-training сілтемесіне өту керек.  

Draper Ecosystem - бұл инновациялық экожүйені қолдау үшін озық фасилитаторлар мен тәлімгерлердің, салалық сарапшылардың, корпоративтік серіктестердің және инвесторлардың теңдесі жоқ желісін ұсыну арқылы таланттарды, сарапшыларды және инвесторларды біріктірудің бірегей тәсілі. Draper University негізін венчурлық капитал бизнесінде 38 жылдық тәжірибесі бар Тим Дрейпер қалады, оның басқаруында 11 қор бар, $7,7 млрд инвестиция салған, оның есебінде 34 unicorn компания бар.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін