Қазақстандық жобалар Францияда орналасқан әлемдегі ең ауқымды Station F стартаптар инкубаторының құрамына кіреді
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің делегациясы Қазақстан Республикасының Франция Республикасындағы елшілігі ұйымдастырған Парижге жұмыс сапарын аяқтады. Делегация құрамына министр Бағдат Мусин, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «GHALAM» ЖШС, «РҒБО» АҚ, сондай-ақ Astana Hub және «Әлем» бағдарламалау мектебі басшылығы кірді. Қазақстандық тарап сапарының мақсаты – екі елдің ғарыш өнеркәсібі мен цифрлық экономикадағы өзара ынтымақтастығы мәселелерін қарау.
Сапар барысында қазақстандық делегация Station F және Thales Digital Factory (Thales Group корпоративтік инновациялардың акселераторы) цифрлық фабрикасына барды, онда француз стартаптарының өкілдерімен кездесулер, сондай-ақ, Astana Hub мүмкіндіктері мен жетістіктерінің тұсаукесері өткізілді.
Қазақстандық стартаптар да кездесуге қатысып, өз нәтижелерін таныстырды. Олар: iDos Games, Verigram, Cerebra және Alaqan. Сыртқы істер министрлігінің инновациялар және серпінді технологиялар жөніндегі кеңесшісі Джереми Эль Хатиб стартаптарға жеке қолдау көрсетуді және инвесторлар мен Францияның акселерация бағдарламаларына шығаруды ұсынды.
Осы кездесудің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Францияның одан әрі ынтымақтастығы туралы келісімге келді. Атап айтқанда, қазақстандық стартаптар үшін Station F инкубациялық және активациялық бағдарламаларына Fast track ұйымдастырылады, бұл қазақстандық жобаларға ерекше назар аударылғанын көрсетеді: жеке тәртіппен қарау, француз инвесторлары мен корпорацияларына ұсыну, француз нарығына шығуға көмектесу.
Бұдан бөлек, Astana Hub және Station F арасында өзара тәжірибе алмасу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді, бұл қазақстандықтарға еуропалық сарапшылармен ынтымақтасуға және еуропалық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Қазақстан Astana Hub базасында Thales Digital Factory тәжірибесін енгізуге ниетті, бұл қазақстандық корпорацияларға компаниялардың қажеттіліктерін өтейтін стартаптарды іріктеуге, компания сарапшыларымен бірлесіп әзірленген акселерациялардан өтуге және жеделдетілген үлгі бойынша корпорациялармен бірге өсуге, келісімшарттар жасауға жол ашады.
Astana Hub — қазақстандық және шетелдік технологиялық компаниялардың еркін дамуына жағдай жасау мақсатында іске асырылған Орталық Азиядағы IT-стартаптардың ірі халықаралық технопаркі.
Station F — әлемдегі ең ірі стартап-кампус және Францияның Париж қаласында орналасқан жетекші халықаралық кәсіпкерлік және инновациялық орталық. 34 000 шаршы метрден астам аумақты алып жатқан Station F стартаптардың, инвесторлар және корпоративтік серіктестердің өсуін ынталандыратын және инновациялық идеялардың дамуын қолдау үшін жиналатын ынтымақтастық орта саналады. Оны президент Эммануэль Макрон 2017 жылдың маусымында ресми түрде ашты.
Thales Group («Тале́с») — аэроғарыштық, әскери және теңіз қолданбаларына арналған ақпараттық жүйелерді шығаратын халықаралық өнеркәсіптік топ. Бас кеңсе Париж маңындағы Курбевуа коммунасында орналасқан. Компанияның 50-ден астам елде кеңселері бар, ал қызметкерлер саны 81 мыңға жуық. Әскери мақсаттағы өнімді сату көлемі бойынша (кірістің 53%-ін құрайды) компания 2021 жылы әлемде 16-орынға ие болды.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін