Қазақстандық технология әлемдік аренада үздік деп танылды
Отандық TrustMe стартапы Кремний алқабындағы Astana Hub-тың Hero Training бағдарламасы аясында өткен Demo Day нәтижесі бойынша үздік технологиялық компаниялардың ондығына енді. Венчурлық каиталист Тим Дрейпер жобаға инвестиция салуға қызығушылық танытты.
DraperU акселерация бағдарламасына 35 елден 100-ден астам жоба қатысты, 129 өтінім ішінен Орталық Азиядан 12 стартап іріктеліп, АҚШ-тағы Кремний алқабына жол тартты.
Қазақстандықтар әлемге әйгілі венчурлық инвестор Тим Дрейпер ұйымдастырған ауқымды бизнес тренингтен өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген кәсіпкерлер төрт апта бойы жаһандық технология мамандарынан сабақ алды. Сондай-ақ, бағдарлама аясында кәсіпкерлер өркениеттен жырақ өмір сүріп, төмен температурада шатырда түнеп, батпақты көлде, суы суық Тынық мұхитында жүзіп, түрлі қару-жарақтан оқ атып, азық іздеді.
Бағдарлама Demo Day іс-шарасымен аяқталды, онда TrustMe командасы бағдарламаға қатысқан 100 стартап ішінен инвестициялық тартымды шешім ретінде танылды. Стартаптың бас директоры Шыңғыс Дәулетбаевтың айтуынша, миллиардер Тим Дрейпер TrustMe-ге инвестиция салуға қызығушылық танытқан.
«Біз оған презентация жібердік. Тим Дрейпер біздің инвесторымыз болады деп үміттенеміз, өйткені біздің құндылықтарымыз ұқсас», - дейді TrustMe бас директоры Шыңғыс Дәулетбаев.
Үздік 10 стартап қатарына сондай-ақ Үндістандағы қатерлі ісікті диагностикалау жобасы, ортодонтия саласында төңкеріс жасайтын ливандық жоба, Канада мен Кариб бассейні елдерінің медициналық жобалары, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея және Аргентинадағы жобалар кірді.
Қазақстандық стартап DocuSign, AdobeSign және DropboxSign сияқты жаһандық алпауыттардың технологияларынан түбегейлі өзгеше, келісімшартқа қол қоюға арналған инновациялық шешімді ұсынады. Компанияның негізін қалаушы Шыңғыс Дәулетбаевтың айтуынша, TrustMe келісім-шарттардың шартын өзі бағдарламалайды және адами факторды жояды.
Қазіргі уақытта TrustContract қызметін Қазақстандағы 800-ден астам компания пайдаланады. Стартап-компания Өзбекстан мен АҚШ-та өкілдіктерін ашып, алғашқы шетелдік клиенттерге қызмет көрсете бастады.
Бұған дейін TrustMe стартапы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жобалар арасынан Пәкістандағы жасанды интеллект жобасынан кейін екінші орын алған болатын.
Пікірлер 2
Кіру пікір қалдыру үшін
Kirill Grinenko · Ақп. 23, 2024 14:41
👍👍👍
Ilias Zholaman · Қар. 26, 2023 14:58
Интересное приложение, надо попробовать.