LEAP 2024: қазақстандық стартаптардың Сауд Арабиясындағы жетістіктері

Сауд Арабиясының астанасы – Эр-Риядта жыл сайын әлемнің 183 елінен 170 000-нан астам адамның басын қосатын LEAP 2024 ауқымды технологиялық форумына 13 қазақстандық стартап қатысып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді.


Стартаптар арнайы көрмеде өз жобаларын таныстырып, әлеуетті инвесторлармен және серіктестермен кездесті. Сондай-ақ питчинг сессиялары мен нетворкинг іс-шараларына, стартаптар байқауына қатысып, тіпті араб компанияларымен келісімге келді.

"CodiPlay стартапы «Artificially Intelligent Learning Assistant‎» (AILA) компаниясымен стратегиялық серіктестік жөнінде меморандум жасасып, ІТ-сауаттылықты арттыруға арналған өнімін Сауд Арабиясының 200 мектебіне енгізетін болды. Ал CerebraAI стартапы Rocket Fuel Startup Pitch Competition байқауына қатысып, «AI awards» номинациясында жеңіске жетіп, $150 мың ұтты.  Бұл қазіргі уақытта жария болған ақпараттың бір бөлігі ғана, біраз жетістіктер мен келіссөздер туралы әзірше ашық айтылған жоқ, бірақ көп ұзамай форумның оң нәтижесі туралы тағы біраз жақсы жаңалық боларына үміттенеміз», - деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Айта кетсек, CodiPlay - жаһандық экспансиядағы перспективті қазақстандық EdTech стартаптардың бірі. 2021 жылы оған Seed Money бағдарламасы аясында Astana Hub қаржы бөліп, ал 2023 жылы инвесторлар CodiPlay-ге $2 млн инвестиция құйды, соның $1,5 миллионы Қазақстандағы ең ірі венчурлық қор – Tumar Venture Fund қолдауының арқасында тартылған. Бұл қор ҚР Цифрлық даму министрлігі жүзеге асырып, Дүниежүзілік банк қаржыландыратын «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы аясында құрылған. 

Инсультті анықтауға арналған жасанды интеллект пен нейрорадиология саласына негізделген CerebraAI стартапы да белсенді түрде инвестиция тартып, халықаралық нарықта сәтті дамып жатыр. 2021 жылы жоба Freedom Holding Corp-тен $1 млн қаржы тартты. Былтыр ол АҚШ-тағы TechCrunch нұсқасы бойынша әлемдегі ең үздік стартаптардың бірі болып танылды және Стэнфорд университетіндегі беделді StartX кәсіпкерлер клубына кірді. CerebraAI, CodiPlay стартапы сияқты, Astana Hub пен АХҚО резиденті болып табылады.

LEAP 2024 форумындағы көрмеде тағы да бірқатар қазақстандық үздік стартаптар ұсынылды, оның ішінде ApartX – пәтерлерді қысқа мерзімді жалға беруді автоматтандыруға арналған SaaS, ZebraEye – сирек кездесетін көз ауруларын диагностикалауға арналған жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалық қамтамасыз ету, Trustme – құжаттарға онлайн қол қоюға арналған Blockchain қолданатын SaaS қызметі, Alaqan Technologies – алақан тамырларының үлгісін пайдалана отырып, биометриялық жеке сәйкестендіру саласындағы шешім, SET24 – персоналсыз саудаға арналған инженерлік технология, QALA AI – UrbanTech және Smart City шешімдеріне маманданған стартап, JobEscape –жаңа дағдыларды үйрену процесін жеңілдететін платформа, Behype.me - әлеуметтік желілерде криэйторларды танымал ету  және монетизациялауға арналған қосымша, Photon - құрылыс процестерін автоматтандыру жүйесі, Sota - спорттық матчтар мен жаттығулардың бейне талдауын автоматтандыру, сонымен қатар Kwaaka - мейрамханалар үшін тағамға онлайн тапсырыс беруді жеңілдететін бұлтты шешім.

Пікірлер 2

Кіру пікір қалдыру үшін