AlmatyFair.ai көрмесінде Қазақстан мен Өзбекстан басшыларына жасанды интеллект экожүйесі таныстырылды
AlmatyFair.ai көрмесіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығын таныстырды. Орталықта 9-11 сынып оқушыларына арналған Tomorrow School Junior білім беру орталығы және 01Edu System платформасы негізінде жасанды интеллект мамандарын дайындайтын өзара оқыту (peer-to-peer) жүйесіндегі Tomorrow School орналасады. Сондай-ақ, инкубациялық және акселерациялық бағдарламаларға қатысатын стартаптарға арналған жасанды интеллект кампусы, жаһандық технологиялық алпауыттардың ЖИ және R&D орталықтары ашылады.
«Alem.ai жасанды интеллект саласындағы зерттеулер, стартаптар мен халықаралық ынтымақтастық үшін негізгі платформаға айналады. Бұл орталық қазақстандық ЖИ шешімдерінің экспортын арттырып, технологиялық және экономикалық дамудың жаңа толқынын бастайды, Астананы Орталық Азияның зияткерлік орталығына айналдырады», – деді Жаслан Мәдиев.
Мемлекет басшыларына бағдарламалау дағдыларынсыз ЖИ-ассистенттер жасауға мүмкіндік беретін Ұлттық жасанды интеллект платформасы таныстырылды. Сондай-ақ, проактивті мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік әмиян арқылы ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.
Мұндай ЖИ жобаларын іске асыру үшін үлкен есептеу қуаты қажет. Осыған байланысты Қазақстанда 200 МВт қуаты бар екі ірі деректерді өңдеу орталығы (ДӨО) салынады. Президенттерге бұл орталықтардың Ақмола және Қарағанды облыстарында орналасатыны, ал жобаның Сингапурлық GK Hyperscale Ltd компаниясының қатысуымен жүзеге асырылатыны туралы айтылды.
Өзбекстанның IT Park бас директоры Абдулахат Қучкаров пен Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев Central Asian Innovation Hubs – Орталық Азияның ең ірі технопарктер альянсын таныстырды. 2024 жылы екі елдің технопарктері осы бренд аясында бірігіп, инновацияларды жаһандық деңгейде ілгерілетіп, INMerge Innovation Summit, Web Summit 2024 және TechCrunch Disrupt 2024 іс-шараларында 40-тан астам стартапты ұсынды. Бұл серіктестік өңірлік бірегейлікті нығайтып, жаңа мүмкіндіктер ашады, соның ішінде Кремний алқабында бірлескен хаб құру жоспары бар. AlmatyFair.ai көрмесінде тараптар Қазақстан мен Өзбекстанның IT компанияларын халықаралық нарыққа шығару туралы меморандумға қол қойды. 2025 жылы жетекші халықаралық форумдарға қатысу және БАӘ мен Қытайда хабтар ашу жоспарланса, 2030 жылға қарай 8+ юникорндар (құны $1 млрд-тан асатын жылдам дамып келе жатқан технологиялық компаниялар) құру және технологиялар экспортын $10 млрд-қа дейін арттыру көзделіп отыр.
Сондай-ақ, мемлекет басшыларына 1 миллион адамды ЖИ дағдыларына үйретуге бағытталған ауқымды бағдарлама таныстырылды. 2025 жылы AI People бастамасы аясында Орталық Азияда 60 000 адамды оқыту жоспарланған. Сонымен қатар, AI Kyzmet бастамасы бойынша Қазақстанның мемлекеттік қызметкерлеріне арналған ЖИ сертификаттау бағдарламасы іске асырылады. Сондай-ақ, корпоративтік секторда ЖИ құзыреттерін дамытуға бағытталған AI Corporate бастамасы таныстырылды.
Көрмеде түрлі салалардағы озық технологияларды көрсететін болашағы зор ЖИ жобалар ұсынылды. Higgsfield OpenAI мен Anthropic аналогы болып табылатын іргелі ЖИ модельдерін және мәтінді бейнеге айналдыратын Diffuse мобильді қосымшасын әзірлеуде. Dereknet жер қойнауын цифрлық бейнелеуге арналған ЖИ және математикалық модельдерді қолданатын Derek Suite платформасын ұсынды. Taisan аккумулятор энергиясының тығыздығын арттыратын және өндіріс шығындарын төмендететін инновациялық полимерлі электролит пен натрий-металл анодын жасады. VR Uniblock кідірісі минималды жаңа буын сымсыз байланыс жүйесін ұсынды. Codiplay балаларды C++, Scratch және Python тілдерінде программалауды үйрететін аркадалық ойындар арқылы білім беру мен геймификацияны үйлестіретін қосымшаны көрсетті.
Президенттер AlmatyFair.ai көрмесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, Қазақстан мен Өзбекстандағы жасанды интеллект экожүйесін дамыту маңыздылығын ерекше бағалады.
Пікірлер 4
Кіру пікір қалдыру үшін
Kuandyk Sadykov · Наурыз 31, 2025 23:10
🙂👍🏻
Адиль Абашев · Наурыз 31, 2025 19:55
🔥🔥🔥
Бибигуль Кандарбекова · Наурыз 31, 2025 10:44
Progressive
Maxim Leman · Наурыз 30, 2025 21:37
интересно