IT-әлемге қадам: Astana Hub-та балаларды қорғау күніне орай экскурсия өтті

Astana Hub-та ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған республикалық «Кибер Тұмар» акциясы аясында жоғары сынып оқушыларына арналған танымдық экскурсия өтті. Шараның мақсаты – оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып, оларды еңбек нарығында сұранысқа ие IT-мамандықтармен таныстыру.


Экскурсия ҚР цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің құттықтау бейнежолдауы мен Astana Hub қызметі туралы таныстырылымнан басталды. Оқушылар сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласында тың білім беру тәсілдерін ұсынатын халықаралық alem.ai орталығының мүмкіндіктерімен танысты.

«Технологияға қызығушылықты бала кезден ояту маңызды. Жас ұрпақтың цифрлық ортаға ерте бейімделуі – болашақ IT-мамандарын тәрбиелеудің негізі. Бүгін оқушылар Astana Hub экожүйесімен және оның білім беру жобаларымен танысты. Атап айтқанда, олар осы күзде ашылатын TUMO Astana орталығы туралы мәлімет алды. Бұл – Орталық Азиядағы жасөспірімдерге арналған алғашқы цифрлық және креативті технологиялар орталығы. Бағдарлама генеративті жасанды интеллект, дизайн, робототехника сынды 11 бағытты қамтиды және барша жасөспірімдерге тегін ұсынылады. Мұндай бастамалар жастарды қанаттандырып, өз мүмкіндігін табуға жол ашады», – деді Мағжан Мәдиев, Astana Hub бас директоры.

Одан кейін оқушылар Astana Hub бастамасымен құрылған еліміздегі алғашқы жасанды интеллект мектебі – Tomorrow School-мен танысты. Мұнда оқушыларға дәстүрлі мұғалімдерсіз өтетін, жобалық және командалық жұмысқа негізделген заманауи оқыту форматы таныстырылды. Сондай-ақ олар оқу бағыттары, іріктеу талаптары мен алдағы білім беру мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат алды.

Іс-шара аясында бірқатар стартаптар таныстырылды:

  • Beyimtech – жекелендірілген оқытуға арналған ЖИ шешімдерін әзірлейтін EdTech стартап. Команда Beyim.ai білім беру әлеуметтік желісі мен 50 мыңнан астам оқушы қолданатын Beyim Synaq емтихан платформасын жасап шығарған. Платформалар Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қолданылады, жоба БАӘ мен Ұлыбритания нарығына шығып жатыр.
  • RocketTech – Қазақстан мен Орталық Азияда аэроғарыш саласын дамытуға бағытталған білім беру жобасы. Команда ракета құрастыру, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен спутниктік технологиялар бойынша 7 республикалық байқау өткізген. Бұдан бөлек, стартап ғылыми зерттеулермен айналысып, жастар арасында аэроғарыштық білімді насихаттауға күш салады.
  • Hearo – халықаралық ым-ишара тілін үйренуге арналған қолжетімді әрі инклюзивті платформа. Жоба Pizza Pitch 2025 байқауында жеңімпаз атанды. Оның авторы – небәрі 14 жастағы мектеп оқушысы. Бұл бастама технологияның нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін және үлкен идеялардың жасқа қарамай жүзеге аса алатынын айқын дәлелдеді.

Айта кетейік, шара «Қазақстан балалары» ауқымды бастамасы аясында ұйымдастырылды. Бұл – цифрлық технологиялардың қазақстандық жастар үшін кәсіби дамуға нақты мүмкіндіктер ашып отырғанының дәлелі. Мұндай кездесулер жасөспірімдерге цифрлық құралдарды саналы түрде қолдануды үйретіп қана қоймай, болашақ мамандықты таңдауға жол ашады.

Пікірлер 1

Кіру пікір қалдыру үшін

К сожалению, сайт международного центра искусственного интеллекта alem.ai не работает, интересно, что там узнали учащиеся кроме coming soon...

Жауап беру