ШҚО оқушылары Beginit халықаралық жобасының іріктеу турына қатысты

2024 жылдың 24 қыркүйегінде Өскемен қаласында, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ университетінде Beginit Central Asia by inDrive халықаралық жобасының іріктеу туры өтті. Аталған жоба Қазақстанның жас әлеуметтік көшбасшыларын тәрбиелеуге бағытталған.


Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен келген 120-ға жуық оқушы қатысты. Мұнда оқушылар өздерінің лидерлік әлеуетін анықтауға бағытталған түрлі тапсырмаларды орындап, әлеуметтік көшбасшының рөлі мен осы дағдыны дамытудың маңызын білді. Сонымен қатар қатысушылар әлеуметтік жобаға арқау болатын идеяларды талқылап, өзекті мәселелерді шешу жолдары жайлы көзқарастарын ортаға салды. 

«Beginit жобасы еліміздің 10-сынып оқушыларына көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға көмектесу арқылы жаңа мүмкіндіктер ашады. Бағдарлама аясында көшбасшылық әлеуеті бар жасөспірімдерді анықтап, оларды оқытамыз. Нәтижесінде, қатысушылар туған өлкелерінің мәселелерін шешуге бағытталған жобалар әзірлеп, іске асыра бастайды. Бағдарлама бірнеше кезеңнен тұрады: еліміздің 10 облысында офлайн-воркшоптар мен іріктеу турлары, бір жылдық оқыту курсы, жартылай финалистерге арналған Алматы тау бөктерлеріндегі оқу лагері, әлеуметтік жобаны іске асыра бастау, жобаларды ақтық мәреде қорғау және үздік қатысушыларды марапаттау», деді  Самат Саяқов, жоба үйлестірушісі.

Айта кетейік, жобаны inDrive компаниясы Astana Hub халықаралық технопаркімен және iQanat қорымен бірлесіп іске асыруда.

«Oskemen Hub өңірдің IT-таланттары мен инновациялық жобаларын дамытумен белсенді айналысады. Beginit жобасымен әріптестік орнатып, былтырдан бері бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Өткен маусымда ШҚО оқушылары жоғары нәтижелер көрсетті. Мәселен, ШҚО Мамай батыр ауылының оқушысы Таңнұр Еркінқызы өз үйінен бастап мектепке дейін жүретін жолды жақсарту бойынша жоба әзірлеп, жүлдегер атанды. Ол білім грантын жеңіп алып, Малайзияға сапар жасады. Биыл да жақсы нәтиже күтеміз. Oskemen Hub тарапынан жоба қатысушыларына бір-бірімен кездесіп, идея алмасып, оларды іске асыру үшін жабдықталған алаң ұсынылады. Сондай-ақ барлық қатысушыға тәлімгерлік қолдау көрсетеміз», – деді Дидар Мұратұлы, Oskemen Hub өңірлік менеджері.

Beginit Central Asia by inDrive бағдарламасы Шығыс Қазақстан облысының оқушыларына әлеуметтік көшбасшы бағытында білім алу, шетелде оқыту қарастырылған сапар гранттарын, ҰБТ-ға дайындық курстары мен ноутбуктерді ұтып алу мүмкіндігін ұсынады. Сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен келген 20 финалист Алматыдағы inVision U by inDrive университетінің Foundation Year бағдарламасына шақырылады.  

Мәлімет үшін: Өткен маусымның нәтижелері: Іріктеуге ұсынылған  800-ден астам өтінім ішінен 37 оқушы финалға өтті. 7 жеңімпаз шетелде оқытуы қарастырылған сапарларды, ҰБТ-ға дайындық курстары мен компьютерлерді сыйға алды. 18 қатысушы inVision U инновациялық университетінің Foundation Year бағдарламасына шақырылды.

Пікірлер 3

Кіру пікір қалдыру үшін