Glovo негізін тең қалаушы Саша Мишо Astana Hub-та венчурлық инвестициялар туралы семинар өткізді
Испандық технологиялық Glovo компаниясының тең құрылтайшысы және негізін тең қалаушы Саша Мишо Astana Hub комьюнити және Silkway Accelerator қатысушылары үшін венчурлық инвестициялар туралы семинар өткізді.
Кәсіпкер Қазақстан нарығын көздеуі керек пе, әлде одан да үлкен нарыққа арналған өнім шығаруы қажет пе? Инвесторлар бизнестен не іздейді? Орталық Азия жаһандық жеткізу нарығында қандай орын алады? Саша Мишо жұмыс барысында қандай қағидаларды ұстанады? Кездесуге қатысушылар осындай сұрақтар қойды.
Онлайн-бизнес саласында 15 жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер Саша Мишо ІТ саласындағы венчурлық инвестициялар туралы айтып, өз тәжірибесімен бөлісіп, қойылған сауалдарға жауап берді. Ол Қазақстанның технологиялық тұрғыда жақсы дамығанын және Glovo үшін Орталық Азиядағы негізгі хабқа айналатынын тілге тиек етті.
Еске салсақ, Digital Bridge 2022 аясында Astana Hub технопаркі мен Glovo компаниясы IT-стартаптарды дамыту және қолдау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Компаниялар бірлесіп, бизнесті, стартаптарды дамыту, маркетингті жетілдіру және бизнес-үдерісін басқаруды үйрету мақсатында тегін дәрістер мен семинарлардан тұратын білім жобасын іске қосуда.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін