Google for Startups және Astana Hub бірлескен бағдарламасының қатысушылары анықталды
Перспективасы мол 15 стартап Silkway Accelerator бағдарламасы бойынша өз жобасын дамыту мүмкіндігіне ие болды. Бағдарламаны Google for Startups компаниясымен әріптестікте Astana Hub IT-стартаптардың халықаралық технопаркі жүзеге асыруда.
Бағдарламаға қатысу үшін Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ Әзірбайжан мен Моңғолияның технологиялық жобаларынан 330 өтінім жолданды.
Іріктеу осы жылдың мамыр айында басталып, бірнеше кезеңнен құралды. Жобаларды Орталық Азия елдерінің сарапшылары, сондай-ақ Google Developers өкілдерінен құралған арнайы комиссия бағалады.
Комиссия іріктеп алған 65 үздік жобаның ішінен бағдарламаға қатысу үшін ТОП-15 стартап таңдалды. Сондай-ақ, 11 резервтік жобаның тізімі анықталды.
Іріктеу жеңімпаздары арасында Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Моңғолия және Тәжікстаннан келген жобалар бар. Атап айтқанда, CTOgram, FocusED now, Naimi.kz, Citix, Parqour, Smoothly, Beyne.ai, relog.kz, UvU Ridesharing, iDos Games, smartportfolio.app, www.fibo.cloud, Tripsome.com (Hadigro.com), zypl.ai, NB FIT жобалары.
Бағдарлама қатысушылары Google-дың үздік сарапшыларынан мастер-кластар мен тәлімгерлікке тегін қол жеткізіп, бизнес-процестерді тиімді құруды, масштабтауды, серіктестік байланыстарды орнатуды және инвестицияларға дайындалудың негіздерін егжей-тегжейлі үйренеді.
Google for Startups ең сәтті кейстерге өз платформасында және әлеуметтік желілерде PR қолдау көрсетеді. Өз кезегінде Astana Hub қатысушыларға технопарк аумағында тұратын пәтерлер, жұмыс кеңістігін, PR қолдауды, сондай-ақ Seed Money бағдарламасы шеңберінде 25 млн.теңгеге дейінгі сомаға қаржыландыру алу мүмкіндігін ұсынады. Оқу Нұр-Сұлтан қаласында офлайн-форматта өтіп, 3 айға созылады.
«Google for Startups сияқты ірі компаниямен серіктестік жаһандық әлеуеті бар стартаптар үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Оларға әлемдік платформаларға қатысуға мүмкіндік береді. Astana Hub осымен бесінші жыл бойы стартаптарды акселерациялаумен айналысып келеді. Енді біз жаңа деңгейге шығудамыз. Біз Google корпорациясымен ынтымақтастығымызды нығайтуды жалғастырмақпыз», - деп атап өтті Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев.
2022 жылы күзде Silkway Accelerator бағдарламасына қатысушылардың екінші іріктеуі өтеді деп күтілуде.
Google for Startups - бұл 2011 жылы Google корпорациясымен іске қосылған стартап-бағдарламасы. Ол 125 елдегі 50-ден астам коворкингтер мен акселераторлардан тұрады, сондай-ақ, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге практикалық сабақтар ұсынады. Биыл Қазақстан бағдарламаның Орталық Азиядағы алғашқы серіктесі аталды.
Astana Hub - Орталық Азиядағы IT-стартаптардың ірі халықаралық технопаркі. Мұнда қазақстандық және шетелдік IT-компаниялардың еркін дамуы үшін жағдайлар жасалуда.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін