Барлық өңірлердегі жастарда осындай қолдау шараларының болуы маңызды — Әлихан Смайылов IT-хабтар ашу туралы

Қостанай облысында жұмыс сапарымен жүрген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті базасындағы Qostanai ІТ Hub-қа барды және шығармашыл жастар өкілдерімен кездесті.


Qostanai ІТ Hub – астаналық Astana Hub технопаркінің өкілдігі. Ол Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында ашылды. Мұнда IT орталық, зертханалық кешен, конференц-зал, коворкинг және ойын алаңдары, тағы басқа да бірқатар тақырыптық секторлар бар.

Qostanai ІТ Hub базасында стартап-жобалар мен IT-компанияларға арналған білім беру бағдарламалары, сондай-ақ түрлі инкубациялық бағдарламалар, хакатондар мен іс-шаралар жүзеге асырылады.

Өңірдің шығармашыл жастарымен кездесу барысында Әлихан Смайылов республикада цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, соңғы 1,5 жылда 12 өңірлік IT-хаб ашылды, биыл тағы 7-ін іске қосу жоспарланып отыр.

«Бізде өте дарынды жастар жетерлік. Мұндай IT хабтар талантты жастарымыз үшін тартымды орталыққа айналмақ. Мұнда инновациялық технологиялар саласында өзін-өзі жетілдіруге және білім алуға жағдай жасалған. Нәтижесінде жаңа әзірлемелер мен тиімді жобалар пайда болады. Мұндай мүмкіндіктер мен қолдау шаралары барлық өңірлердегі жастарда болуы маңызды», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысына студенттер мен оқушыларға арналған мобильді қосымша, жасанды интеллектпен мульти-чат, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобалар сынды жастардың түрлі әзірлемелері ұсынылды.

Қостанай облысының бірқатар елді мекендерінде іске қосылған блок-модульдік қазандықтардың жұмысын автоматтандыру жобасы ерекше қызығушылық тудырды. Жүйе отынды, еңбек ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді және ең бастысы – жылу көзінің қауіпсіздігін арттырады.

«Қазір бұл өте маңызды, өйткені біз бүкіл тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңғыртуға кірістік. Мұндай технология аталған саладағы жағдайды едәуір жақсартады. Әсіресе Қостанай облысында қазірдің өзінде нәтижелері бар мұндай жобалардың ауқымын кеңейтіп, барлық жерде жүзеге асыру қажет», — деді Премьер-Министр.

Кездесу барысында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Премьер-Министр мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй бағдарламаларымен қатар, жастарға арналған жаңа бағдарлама іске қосылатынын атап өтті.

«Біз мұндай қажеттіліктің болуын жақсы түсінеміз, себебі жастарға бірінші кезекте баспана қажет. Осыған байланысты біз «9-20-25» бағдарламасын әзірледік. Біз оны «Отбасы банкі» арқылы іске қосамыз, жүзеге асыруға 150 млрд теңге бөлінеді. Бұл жастардың тұрмысын жақсартуға бағытталған шара. Бағдарлама жыл сайын жұмыс істейді, әр жылы 8 мыңға жуық жас отбасы жеңілдетілген шарттармен баспаналы бола алады», — деді Әлихан Смайылов.

Толығырақ:https://primeminister.kz/news/barlyk-onirlerdegi-zhastarda-osynday-koldau-sharalarynyn-boluy-manyzdy-alikhan-smayylov-it-khabtar-ashu-turaly-27092 

Пікірлер 3

Кіру пікір қалдыру үшін

Классно! Удачи!

Жауап беру

Будем надеяться на успех

Жауап беру

Будем надеяться, что число IT-хабов будет только расти

Жауап беру