Венчурлық инвестор Ник Давыдов: «Астанада мықты стартап-мәдениет қалыптасып жатыр»
Кремний алқабында венчурлық инвестицияны қалай тартуға болады? Бұл туралы Astana Hub-та өткен митапта инвестор, DVC қорының тең құрылтайшысы, әрі серіктесі Ник Давыдов айтып берді.
Ник Давыдов сондай-ақ InDrive және Dating Group секілді компаниялардың кеңесшісі, Propy Foundation қамқоршылар кеңесінің мүшесі. Ол қызмет еткен компаниялар қатарында Сherry Labs, Gagarin Capital, iTechCapital бар.
Венчурлық инвестормен кездесуге 200-ден астам адам келді, тағы 300-ге жуығы шараға онлайн қосылды. Инвестиция саласының сарапшысы астанадағы стартап-мәдениеттің дамуына баға берді.
«Астанада түрлі технологиялық кәсіпкерлермен кездесіп жүрмін. Шаһардағы стартап-мәдениет мені таңқалдырды. Менің ойымша, мұндағы жақсы жобалардың болашағы бар», - деді Ник Давыдов.
Ол өзінің өмір жолы, инвестициялар, венчурлық капитал мен жасанды интеллект революциясы туралы пікірін айтты. DVC инвестициялық қоры стартаптарды қалай іріктейтінін түсіндірді.
«Біз стартап-жобаларды үш деңгейлі іріктеуден өткіземіз. Егер жоба ұнаса, оның product-market fit, яғни өнімнің нарыққа сәйкестігіне мән береміз. Екінші деңгей – комьюнити. Сарапшылар жиналып, жобаны талқылаймыз, содан кейін үшінші – ақылмен таңдау деңгейіне көшеміз. Бұл кезеңде біз стартап мен оның инвестициялық шартының параметрлері біздің қордың қаржы моделіне қаншалықты сәйкес келетінін есептейміз. Бұл стартапқа қаржы салудың мәні бар ма, қаншалықты табысты жоба екенін саралаймыз», - деді инвестиция жөніндегі инвестор.
Ол сондай-ақ, стартапты инвестициялық қорлар үшін емес, тұтынушылар үшін әзірлеу керек екенін атап өтті. Инвестор инвестициялық қорларды іздеу кезінде олардың шартына назар аударуды кеңес етті.
«Әдетте қорлар «біз ерте сатыдағы инвестормыз», «стартап табысқа шықса ғана инвестиция саламыз» немесе «құны 500 млрд доллар болатын компанияларға ғана инвестиция құямыз» деп жазады», - деді Ник Давыдов.
Сарапшының тағы бір кеңесі – таныстықты көбейту.
«Адамдармен араласыңыздар, жиі хабарласыңыздар, оларға көмектеріңізді ұсыныңыздар. Нетворкингтің ең маңызды ережесі – адамдарға пайдалы болу. Хакатон мен митап баруға тұрарлық кездесулер. Әрине, аз уақыттың ішінде Кремний алқабында жақсы нетворк орнату қиын. Инвесторлар мен кофаундерлер артық шуды сүзгіден өткізіп отырады. 2015 жылы Кремний алқабына алғаш келгенімізде біз үшін де бұл үлкен кедергі болды. Оны қалай еңсердік? Қызымыз мектепке барған кезде. Мектептегі балалардың ата-аналарымен араласа бастадық, олар біздің ұзаққа келгенімізді, пайдалы болуымыз мүмкін екенін түсінді. Жалпы айтқанда, мектеп асханасының кезегінде тұрып венчурлық қор жинауға болады», - деді инвестор тәжірибесін бөлісе отырып.
Митап қатысушылары сарапшыға сұрақ қойып, Ник Давыдовпен жеке танысу мүмкіндігіне ие болды. Олар кездесуден үлкен әсер, пайдалы ақпарат алып қайтты.
Пікірлер 0
Кіру пікір қалдыру үшін