Биылғы жылдың 9 айында Astana Hub қатысушыларының жиынтық табысы 147,7 млрд теңгені құрады

Бүгінгі таңда Astana Hub-та 930 IT-компания тіркелген, соның ішінде 170-і шетелдік.


Astana Hub қатысушылары 12 мыңнан астам жұмыс орнын ұсынып, ал биылғы 9 айда технопарк қатысушыларының кіріс жиынтығы 147,7 млрд теңгені құрады. IT-қызметтер экспортының көлемі 82,6 млрд теңге.

Сондай-ақ үш жылдың ішінде салықтық преференциялардың арқасында қатысушы компания 47,6 млрд теңге үнемдеп, өз жобаларына 172 млрд теңге сомасында қаржыландыру тартты.

"Біз Astana Hub қатысушыларының кірісі туралы айтқанда, бұл технопарктің кірісі емес, бұл технопаркте салық жеңілдіктерін алатын 930 компанияның кірісі екенін атап өткім келеді. Бұл- өте жақсы нәтиже, үкіметтің IT саласын ынталандыру бағытындағы іс-шараларының оң көрсеткіші. Технологиялық кәсіпкерлікті қолдаудың арқасында бұл сала қарқынды дамып жатыр», - дейді Astana Hub басқарушы директоры Бақытжан Ешмұхамбетов.

Astana Hub қатысушыларының саны расында жылдам өсіп келеді. Жыл басынан бері 328 компания қосылды. Бұл ретте, үшінші тоқсанда технопарк қатысушыларының кіріс көрсеткіші де 42%-ға өсті.

«Айта кетсек, 2022 жылдың басынан бері IT-мамандар мен IT-компанияларды көшіруге сұраныс айтарлықтай өсті. Биыл 28 ақпаннан бері технопарк қоныс аудару бойынша 3 мыңнан астам кеңес берді, Astana Hub мүшесі ретінде тіркелуге 142 өтініш түсіп, оның 117-сі комиссияның оң қорытындысын алып үлгерді», - дейді Бақытжан Ешмұхамбетов.

Astana Hub қатысушысы мәртебесін алғандарға кірістерінің 1 пайызын технопаркке аудару міндеті жүктеледі. Сондай-ақ Astana Hub  қатысушылары технологиялық кәсіпкерлікті насихаттау және жаңа бастап жатқан стартаперлерді баулу үшін мастер-кластар, воркшоптар мен басқа да іс-шаралар өткізуі тиіс.

Пікірлер 0

Кіру пікір қалдыру үшін