Халықаралық Әйелдер мейрамы және мені IT саласына шабыттандырған нәзік жанды
Жалпы біздің елімізде болсын, әлемнің көптеген елдерінде болсын IT саласында нәзік жандылар салыстырмалы түрде ер адамдарға қарағанда аз келеді. Бұл нәрсеге әлеуметтік, гендерлік тұрғыда әсер ететін факторлар өте көп. Десе де, біздің елімізден шыққан дара, бірегей, IT саласында әлемдік компанияларда жұмыс жасап, көптеген стереотиптерді бұзып жүрген батыл қыздарымыз да бар.
Жеке өзімнің IT саласына қызығушылығымды арттырған, шабыттандырған қазақ қызының бірі - Арай Сабыржан. Ол қазіргі таңда Google компаниясында Software Engineer позициясында жұмыс жасайды. Ол бұл позицияға өзінің табандылығымен, тынбай жасалған еңбегімен және өзінің айтуы бойынша, жақындарынан алған моральды қолдаудың арқасында жеткен.
Аздаған күндер бұрын Арай Сабыржанның Narikbi Live YouTube каналында сұхбатын тамашаладым. Ол шын мәнісінде қазақ қыздары үшін ауыр берілетін қоғамдағы мәселелерді қозғады. Шыны керек, мен де көп балалы, нағыз қазақи отбасыда өскен соң көптеген қазақ қыздары бетпе-бет келетін ата-ананың мақтауын алу, үлкендердің көзқарастары әсерінен өз қалауларыңды, ішкі түйсігіңді шетке ысырып қойып, олардың позициялары дұрыс деген тұжырыммен өмір сүру менің де басымнан өтті. Осы тұрғыда Арай Сабыржан менің ішкі сезімдерімді нақты сөздермен әдемі сипаттап, қыз балаларға қолдау көрсеткені менің жүрегімді қатты жылытты. Осы мәселе бойынша мені IT саласына шабыттандырған Арай Сабыржанның ой-пікірлері маған өте қызықты болды және таным көкжиегімді де біршама кеңейте түсті.
Арай Сабыржан Google компаниясына жұмысқа шақырту алмастан бұрын көптеген қиыншылықтарға мойымай, өз күшімен көтерілді. Кремний алқабында көптеген жұмыс тәжірибелерінен өтіп, өз кәсібилігін дамытуда. Арай Сабыржан 2022 жылы ҚР Президентімен кездесу барысында көптеген мәселелелерді қозғап, елімізде Women in Tech түсінігін қозғап, IT саласындағы әйелдерге ерекше қолдау керек екендігін айқындап көрсетті.
Қазіргі таңда мен Astana hub ұсынған Teach Girl оқу бағдарламасын өтудемін. Маған сабақтар және тапсырмалар қатты ұнайды және олар өте қызықты. Бас кезінде "Бұл маған қаншалықты керек" деген кері тартпа ойлар болды. Бірақ, менің жүрегімде дәл сол сәтте бұл сұрақтардың жауабы табылды. Себебі, маған шынымен де IT саласында еңбек етіп, еліміздің осы салада дамуына үлес қосу - үлкен бақыт!
Осы тұрғыда менің ойымша, өзінің сүйікті ісіне жол таба алмай жүрген қыздарға көмек көрсету қазіргі таңда өте маңызды. Бастысы, жетістікке жету - гендерлік мәселеге байлаулы емес екендігін Арай Сабыржан қоғамға өз кзегінге күші жеткенінше көрсетіп жүрген нәзік жанды, бірақ батыл қыздардың бірі. Адам баласы тырысса, мүмкіндіктерге теңдей ие болса, ол оның жетістікке жетуінің бастапқы маңызды қадамдары болып табылады.
Халықаралы Әйелдер күніне орай, осы сәтті пайдаланып, нәзік жандыларға олардың табандылықтары үшін, шартсыз әлемге көрсететін махаббаттары үшін әрдайым алғыс айтқым келеді. Шын мәнінде, біздің ардақты аналарымыз, әпке-сіңлілеріміз, құрбыларымыз осы әлемдегі бақытты күндердің себепшісі, кілті, мәні болып табылатыны анық!
Comments 0
Login to leave a comment