IT-қауымдастық Biz Birgemiz Qazaqstan қорының бастамасына қолдау көрсетеді

Digital Almaty 2024 форумы алаңында Biz Birgemiz Qazaqstan қоғамдық қоры мен Astana Hub халықаралық технопаркінің IT қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісімнің негізгі мақсаты – мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсету бағытындағы күш-жігерді нығайту.


Меморандум қайырымдылықты қолдау, тәжірибе алмасу, промо іс-шараларға қатысу және қауымдастықты нығайту, сондай-ақ әлеуметтік бастамаларды дамытуға ықпал ететін басқа да салалардағы серіктестікті қамтиды.

«Бұл меморандум IT-қауымдастықтың әлеуметтік қиындықтарды жеңуге белсенді қатысуға деген ұмтылысын көрсетеді және әрбір адам жақсы болашақты құруға үлес қоса алатын жанашыр қоғамдастықты қалыптастыруға шақырады. Бұл ынтымақтастық басқа ұйымдарға үлгі болып, оларды қайырымдылық бастамаларға қосылуға шақырып, әлеуметтік дамуға оң ықпал ететініне сенімдімін. Бүгін Astana Hub-пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою арқылы біз палестиналық балаларға гуманитарлық және медициналық көмек жинау жұмысын бастаймыз және барлық мейірімді жандарды осы игі бастамаға қосылуға шақырамыз», - деді Biz Birgemiz Qazaqstan қоғамдық қорының президенті Перизат Қайрат.

«Бізде гуманитарлық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағытында тәжірибеміз бар, біз Қазақстанда және одан тыс жерлерде қайырымдылық бастамаларына белсенді ат салысамыз. Біздің IT-қауымдастық жағдайы төмен отбасылардың балаларына, табиғи апаттардан зардап шеккен отандастарға қолдау көрсетеді, украин мектептері мен балабақшаларын қалпына келтіруге және жабдықтауға қатысады. Біз әлеуметтік жауапкершілікті жұмысымыздың ажырамас бөлігі деп санаймыз және мұқтаж жандарға көмектесуге бағытталған түрлі қайырымдылық жобаларын қолдауды жалғастырамыз. Бұл жолы да шет қалмай, палестиналық балаларға көмектесу бастамасын қолдайтынымызды білдіреміз және өз үлесімізді қосуға дайынбыз», - деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Айта кету керек, 2021 жылы құрылған Biz Birgemiz Qazaqstan қоры белсенді түрде қайырымдылық көмек көрсетеді, төтенше жағдайлар кезіндегі волонтерлік іс-шаралар мен халықаралық жобаларға қатысады және түрлі іс-шараларды ұйымдастыру арқылы әлеуметтік бастамаларды қолдайды.

Пікірлер 2

Кіру пікір қалдыру үшін

Удачи вам!

Жауап беру

Супер

Жауап беру